Спорт

Петропавлда жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылар қошеметке бөленді

Жиынды ашқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдіменов қазіргі таңда жерлестеріміздің көрсетіп жүрген жетістіктеріне тоқталып өтті.

Асылбек Әлдіменов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:


–  Бүгінде ұлттық құрама сапына біздің өңірдің 361 спортшысы еніп отыр. Толағай табысқа кенелуге облыстық әкімдік пен күш қолданылатын спорт түрлері мен спорттық жекпе-жек конфедерациясының әріптестігі үлкен сеп болып отыр. Қазіргі таңда бізде грек-рим күресі өте танымал. Биыл Грузия астанасы Тбилиси қаласында өткен Азия чемпионатында Станислав Рыльский қола жүлдегер атанды.

Назгүл Маратова – дзюдомен 10 жыл бойы айналысады. Өткен жылғы Азия чемпионатында қола жүлдеге іліккен болатын. Ал биыл Индияның Кочи қаласында бұл көрсеткішін жаңартып, тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ақтық сында Назгүл екі бірдей шидо алып корей қызына есе жіберіпті.

Назгүл Маратова – жастар арасындағы дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:


–  Үш кездесу өткіздім. Финалдық белдесу қиын болды. Қарсыласым жылдам қимылдайды екен.

Ал Италияның Андрия қаласында төбемізді көкке жеткізген бір саңлақ, ол – Глеб Лымарь. 15 жастағы өрен әлем чемпионатына еліміздің намысын қорғауға аттанған 30 қазақстандықтың қатарында болған. Қыркүйектің 5-11 аралығында өткен байрақты бәсекеде қарсылас шыдатпай, тұғырдың жоғары сатысынан көріне білді.

Глеб Лымарь – таэквондодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:


–  Мен бұл жарысқа дайындықты 2014-ші жылдан бастадым. Тынбай күніне екі реттен жаттықтым. Әлем чемпионатына 67 мемлекеттің мықтылары қатысты. Мен арнайы техника көрсету сынында өнер көрсеттім. Үздік үштікке Чехия, Тәжікстан мен Қазақстан енді. Нәтижеме көңілім толды.

Жиын соңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдіменов жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен олардың бапкерлерін алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапаттап, жемісті еңбек етуді тіледі.

 

Риат Шони