МТРА жаңалықтары

Петропавлда колледж студенттерінің арасында интеллектуалдық сайыс өтті

“Еуропадағы ең үлкен түбек?”. Бұл – бірінші нөмірлі Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің командасына қойылған сауал. Қыздар сұрақты дұрыс түсінбесе керек, “Хан Тәңірі” деп жауап берді. Есесіне М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжіндегі қарсыластары оның “Скандинавия” екенін айтып, тиесілі ұпайды өз қоржындарына салды. Айта кету керек, қатысушылар бүгін өздерін шамамен қандай тапсырмалар күтіп тұрғанын алдын ала білген жоқ.

Мерей Жомарт, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледждің студенті:

– Біз еш қобалжымай, барлық сұрақтарға жауап беруге тиіспіз. Жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

Мерей Жомарт бастаған “Star” командасы қарсыластарына орыс, ағылшын тілдерінде қойылған өзге де сұрақтарға дұрыс жауап берді. Әзірге, олар көш басында. Өздеріне келген кезекті де құр жібермей білімдері мен зеректіліктерін танытты. Жалпы бүгін Брейн-ринг зияткерлік ойынына 8 колледждің командасы қатысуда.

Динара Шаймерденова, СҚО білім басқармасы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Түрлі сұрақтар қоямыз. Тапсырмалар күрделі. Үздік топ жеңіске жетеді деп ойлаймыз.

Интеллектуалдық сұрақтардан тұратын екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, ең көп ұпай жинаған құрамалар 3-ші айналымға өтеді. Ал онда сайысқа қатысушылар берілген тақырыпқа үш тілде эссе жазулары тиіс.

Акбопе Танирберген