МТРА жаңалықтары

Бейбіт күннің батыры

Жолболсын Валеев – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


–  Біз жол жүріп келіп шаршап, ұйықтауға жатқан едік. Кенеттен біреу есікті қатты тарсылдатып оятты. Шошып кетіп далаға шықтық. Бізге Марлен Бекенов моншаның отқа оранып жатқанын айтып, өзі шлангыны алып өртті сөндіруге жүгіріп кетті. Сол кезде зайыбым моншаның ішінде газ баллоны бар екенін айтқаны сол еді, Марлен Бекенов баллонды сыртқа алып шықты.

Құтқарушылар келгенге дейін Марлен Бекеновтың өжеттілігінің арқасында өрттің біраз бөлігі ауыздықталған еді. Үй иелері тәртіп сақшысына дер кезінде қол ұшын созғанына риза. Олардың айтуынша оттың баспанаға жетуіне аз-ақ уақыт қалыпты. Алдын ала болжам бойынша өрт моншада толығымен сөнбей қалған пештен шыққан көрінеді.

Марлен Бекенов – Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі:

– Моншаның ішінде газ баллоны бар екенін мен білген жоқпын. Басты міндетім өртті сөндіру болды. Кейін моншаның иесі ішінде газ баллоны бар деп айғайлады. Ойланбастан қолымдағы шлангыны тастай салып, баллонды іздеп тауып далаға шығардым.

Полиция капитаны Марлен Бекенов ішкі істер органдарында 2002-ші жылдан бері қызмет етеді. Зайыбы екеуі төрт баланы тәрбиелеп, өсіруде. Тәртіп сақшысы болған жағдайды ешкімге айтпаған екен. Әріптестері бұл жайында ішкі істер бөліміне полицейдің осы батылдығы үшін алғыс айтуға келген Жолболсын Валеевтан естіпті. Әзірге, Марлен Бекенов еңбек демалысында жүр, ал одан шыққаннан кейін басшылығы марапаттамақ ойда.

 

Риат Шони