МТРА жаңалықтары

Үстіміздегі жылы Петропавлда жаңа 20 аялдама орнатылады

Мына аялдама “триплекс” әйнегімен қапталған. Ол оңайлықпен сына қоймайды. Жалпы жыл соңына дейін қаламызда дәл осындай заманауи үлгідегі 20 аялдама орнатылуы тиіс.

Дулат Шарапиденов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 


–  Бүгінде жоспарланған аялдамалардың 18-і орнатылды. Осы жылы қала әкімінің есептік кездесуінде тұрғындардан автобус күту орны мүлдем жоқ жерге аялдама қажет екендігі туралы үш өтініш түскен болатын. Ол жұмыстар атқарылды. Қоғамдық көлік тоқтайтын орындар салуға биыл қалалық бюджеттен 20 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Облыс орталығында бүгінде жолаушылар тасымалымен 11 кәсіпорын айналысады. Олардың қарамағында 346 автобус бар. Қоғамдық көліктер 25 бағыт бойынша қатынайды. Жыл сайын көкөніс өсіретін тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мамыр мен қазан айы аралықтарында саяжайларға да автобустар барады екен.

Галина Семенова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Бұрындары көктем-жаз айларында қоғамдық көліктердің жүрісі қиындау болатын. Қазір көптеген көшелерде жөндеу жүргізіліп, автобустардың қозғалысы жеңілдеді. Биыл Батыр Баян, Партизан, Васильев, Исмаилов көшелері мен Заречный, Солнечный кенттерінде қыруар жұмыс атқарылды. Бұл біздер үшін жақсы. Автобустар енді жиі істен шықпайтын болады.

Қазіргі таңда Петропавл қаласында 340 аялдама бар, оның 110-ы – заманауи үлгідегі автобус күту орны.

Риат Шони