МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында қоғамдық кеңес отырысы өтті

Биылғы жылы қазақ тілін үйренуге ниет еткендерді оқытуға аудандық қазынадан 3 млн 332 мың теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Ал ауданда мемлекеттік тілде іс қағаз жүргізу ағымдағы жылдың 8 айында 93 пайызға жеткен. Мамандар жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың да дұрыстығына баса назар аударады. Рейдтік шаралар өткізеді. Сол кезде кемшіліктер де анықталады. Көбіне қателіктер дүкен, дәмханаларда жазылған ақпаратта кездесіп жататын көрінеді.

Орал Жанатов – Қызылжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Негізінен кемшіліктерді жеке кәсіпкерлер жасайды. Басында жай ғана ескерту жасаймыз. Кейін оларға 1 ай уақыт түзетуге береміз. Сол уақытта олар жөндемесе, істі прокуратураға шағым түсіреміз.

Қазан айында мамандар тағы рейд өткізеді. Сол уақытта олар көшедегі ақпараттың, жарнамалардың дұрыс әрі талапқа сай орындалуын қадағаламақ. Қоғамдық кеңес отырысында қарастырылған келесі мәселе, ол тұрғындардың ұсыныс-шағымдарының қаралуына қатысты болды. Бұл ретте Куйбышев және Березов селолық округтерінің әкімдері есеп берді.

Аяс Дәуренбеков – Березов селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:


–  2016 жылы әкімдік аппаратына 17 өтініш келіп түсті. Солардың 9-ы жеке, қалғаны – заңды тұлғалардан. Көбіне жер мәселесіне қатысты шағымдар келіп түседі. Осыған дейінгі барлық өтініштер қарастырылып,
шешімін тапты.

Ал 2250 тұрғыны бар Куйбышев селолық округі әкімдігінің аппаратына жыл басынан бері 14 өтініш келіп түскен. Тұрғындарға уақытылы жауап беріліпті. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері қаралған бүгінгі екі мәселе бойынша жағдайды бақылауда ұстап, тиісті жұмыстардың атқарылуын үнемі қадағалап отыру керек деді.

 

Магжан Ахмадина