Петропавлдық “Құлагер” ХК мен көкшетаулық “Арлан” командасы арасында қарымта матч өтті

Спорт

13:10 20 Қыркүйек 2016

Үзілістен соң мұз айдынға хоккейшілер қайта шықты. Екінші период алғашқыдай емес тартысты басталды. Қос құрама ойыншылары шайба үшін таласып бірнеше рет тәртіп бұзды. Алайда, бұл жиырма минуттықта да таблодағы есеп өзгермеді. Кездесудегі алғашқы гол соңғы кезеңде соғылды. Шайба авторы – теріскейлік шабуылшы Илья Ахметов. Көп кешікпей қонақтар жауап қатты. Сан басымдығын ұтымды пайдаланған көкшетаулықтар Константин Савенковтың арқасында таразы басын теңестірді.

Матчтың аяқталуына 7 минут қалғанда жерлестеріміз қонақ қақпа маңында қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде Илья Ахметовтың тастауынан қабылдаған шайбаны Иван Иванов пайдасына жаратып гол соқты.

Сонымен, таблодағы есеп 2-де 1. Жерлестеріміз көкшетаулықтардан қарымта матчта басым түсіп, қоржынына 3 ұпай салды. Осылайша, теріскейліктер турнирлік кестеде 6-шы орынға көтерілді.

Максим Волков – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


–  Бұл кездесуде алғашқы ойындағы қателіктерді қайталамауға тырыстық. Жігіттер бүгін бар шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде, міне, чемпионаттың мықты командаларының бірі – “Арланды” тізе бүктірдік. Бұл жеңісімізге өте қуаныштымыз.

Енді, жергілікті “Құлагер” ХК кезекті ойынын қыркүйектің 26-27-сі күндері сырт алаңда өткізбек. Онда солтүстікқазақстандық команда еліміздің оңтүстік астанасында “Алматы” құрамасымен кездеседі.

Култанов Байболат