МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Бөліс те қолдан” акциясы аяқталды

Бүгін мұнда жақсы нәтижеге қол жеткізген үш мектептің оқушылары келіп отыр. Богдан Герасимов – Н.Крупская атындағы №10 мектептің 7-сынып оқушысы. Оның өзге сыныптастарымен бірігіп жинаған макулатураның салмағы 1 тоннаны құраған.

Богдан Герасимов, Н. Крупская атындағы №10 орта мектептің оқушысы:

– Мен 318 келі қағаз жинақтадым. Көшеде шашылып жатқан, үйдегі керексіз қағаздарды, мектептегі өзге балалар лақтырған парақтардың барлығын тере бердім. Нәтижесінде екі жұма ішінде біздің мектеп бойынша ең көп макулатура жиған мен болып шықтым.

Балалардың бұл жиған қағаздары алдағы күндері майлық, дәретхана қағазы сынды тауарға айналмақ.

Қайыржан Айсин, “Вторсырье” ЖШС директоры:

– Біздің серіктестіктің қала бойынша 4 қабылдау пункті бар. Айына шамамен 60 тонна тұрмыстық қалдықтарды қабылдаймыз. Оның шамамен 35 тоннасы макулатура болады. Оны қайта өңдеу үшін Алматыға жібереміз. Бүгін мына балалардың жинаған 2 тоннадан астам қағазы 20 мың теңгені құрады.

Міне, ең көп қағаз тапсырған 10-шы орта мектептің оқушыларына киноға баруға билеттер берілді. Ал, екінші орын иелері 4-ші мектеп оқушылары болса – “Абылайхан резиденциясы” мұрашай-кешенін аралап, үшінші орын алған 12-ші мектептің ұл-қыздары Ботаникалық бақпен таныспақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша осындай шаралардың арқасында өскелең ұрпақ табиғатты аялап, тазалық сақтауды үйренеді.

Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ қалалық бөлімінің жетекшісі:

– Акцияның мақсаты – балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Қоқысты шашпай жүруді насихаттау. Қаланың қақ ортасында көрсін, білсін деп арнайы өткізіп оытрамыз.

Айту керек, шара Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен өтіп отыр.

 

Акбопе Танирберген