МТРА жаңалықтары

Өңірдегі әлеуметтік нысандарға біртіндеп жылу беріліп жатыр

Жансая Карбаева – «Батыр» балабақшасының тәрбиеленушісі:

– Балабақшаға барамын. Біз мұнда ойын ойнаймыз, билейміз. Өлең айтамыз. Балабақшада жылы. Достарым көп.

Балабақшаның медициналық қызметкері күніне бірнеше рет кабинеттердегі температуралық режимді тексереді. Өйткені, мұнда барлығы талапқа сай болу керек.

Ажар Темірболатова – «Батыр» балабақшасының әдіскері:

– Температура 18 градустан 25 градуқа дейін барады. Режимнің сақталуы әкімшілік және медициналық қызметтердің тарапынан үнемі бақыланып отырады.

Жалпы аталмыш мектепке дейінгі білім беру мекемесінде бүгіндері 302 бала бар. Оларды әр таң сайын әкелетін ата-аналар да балабақшаға жылу берілгеніне разы.

Балхия Әубәкірова – ата-ана:

– Менің қызым Жасмин осында келеді. Ауа райы салқындағандықтан балабақшаға жылу берілді. Балаларымыз жеңіл киініп жүр. Әкелгенде ауырып қалады деп қорықпаймыз.

Бүгіндері өңірдегі бірқатар балабақшаларға жылу біртіндеп беріле бастаған. Жалпы әлеуметтік нысандар қауырт маусымға толығымен даяр.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл жылыту маусына дайындық шараларына 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір барлық әлеуметтік нысандар жылыту маусымына дайын. Қажетті көлемде көмір әкелінген.

Қазіргі таңда өңірдің бюджеттік ұйымдарына қажетті 170 мың тонна көмір жеткізілген. Тағы Петропавл 2-ші ЖЭО-на 20 күндік қатты отын қоры әкелініпті. Ал баспаналарға тәуліктік орташа температура қатарынан 3 күн бойы 8 градустан төмен болған жағдайда ғана жіберіледі. Оның өзінде жылу ең алдымен 19-шы, 20-шы шағын аудандарда орналасқан үйлерге беріле бастайды.

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Петропавлда 1048 көпқабатты үй бар. Бүгіндері соның тек 727-сі жуып-шаю жұмыстарын жүргізіп, 600-ы тиісті құжаттарын алған.

Сол себепті, жылумен уақытылы қамтылғысы келген баспана иелері тиісті жұмыстарды тездеткені абзал.

Мағжан Ахмадина