МТРА жаңалықтары

СҚО-да үздік тас қалаушы анықталды

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Құрылысшылар арасында осындай байқау өткізу өте жақсы бастама. Біздің елімізде кәсіби техникалық білімге назар аударылып отыр. Бүгінгі жақсы жарыс болады деп ойлаймын. 02:46/Құрметті достар, алға, іске сәт.

Бұдан соң бригада мүшелері белгіленген жарыс орындарына тарасты. Қатысушылар қаламыздың екі құрылыс алаңында жұмыс жасайды. Бірі – «Береке» ықшам ауданында болса, екіншілері мына Қизатов көшесіндегі 126 пәтерлі нысанның бой көтеруіне ат салыспақ.

Бұл кәсіби шеберлік сайысына барлығы 6 команда жиналған. Арасында нағыз шеберлермен қатар студенттер, яғни болашақ құрылысшылар да бар. Мәселен, Нұрасыл Нұрғожин мұндай байқауға алғаш рет қатысуда. Бірақ, жеңіске деген үміті зор.

Нұрасыл Нұрғожин – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Бұл байқаудың арқасында біз үлкен тәжірибе аламыз. Нағыз шеберлердің жұмысын көреміз, байқаймыз, үйренеміз. Негізі оқуымды бітірген соң, бірден құрылыс саласына жұмысқа орналассам деймін. Өзіме мамандығым ұнайды. Үйде де туған-туыстарыма қолғабыс етіп, кірпіш қаласып, үй жөндеуде де көмектесіп жатамын.

Ал Виктор Нюфтиков сайысқа жеңу үшін емес, жас ізбасарларына білгенін үйрету үшін келіпті. Тәжірибелі бригадир дәл қазір мына жерде пәтер қабырғасын тұрғызумен айналысуда. Құрылыс саласының бүге-шүгесін меңгерген ол баспана салу ісімен 10 жыл айналысып келеді екен.

Виктор Нюфтиков – «Неопор» ЖШС бригадирі:


–  Тас қалаушының жұмысы өте қиын әрі жауапты. Бұны құрылысшы мамандығын таңдаған әрбір жас түсінсе деймін. Сол себепті, қазір мен мына байқауға келген жігіттерге кірпішті қалай қалау керек, алдымен не істеу керектігін бар білгенімше үйретіп, көрсетіп жатырмын.

Байқау екі күнге созылмақ. Бұл уақыт аралығында сайыскерлерді бағалайтын комиссия мүшелері қатысушылардың жұмыс істеу жылдамдығына, тындырған істің ауқымына және сапасына назар аудармақ.

Қайрат Мұстафин – СҚО құрылыс басқарамасы басшысының орынбасары:


–  Жарыс құрылыс жүріп жатқан алаңда өткізілуде. Бұл жерде болашақта отбасылар тұрады. Сондықтан, біз бұл байқауға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Арнайы комиссия құрылып, сайыскерлердің жұмысына баға береді. Егер де кірпіш дұрыс қаланбаса, онда сол жердегі құрылыс бірден тоқтатылады.

Екі күн ішінде 5 адамнан құралған 6 бригада 100 текше метр кірпіш қалаған екен. Енді міне, атқарылған жұмыстың қорытындысын білер сәт те келді.

Байқау қорытындысы бойынша әр құрылыс нысанында 3 үздіктен анықталды. Бірінші орынды «Основание» және «Стройкомпания» серіктестіктері өзара бөлісіп, әрқайсысына 400 мың теңге көлемінде облыс әкімінің сыйлығы табыс етілді.

Константин Фролов – «Стройкомпания» ЖШС бригадирі:


–  Байқауға тек жеңіс үшін келдік. Өз күшімізге, біліктілігімізге сендік. Қиындықтар да болғаны рас. Өз құрылыс алаңымызда болмағасын, жаңа орынға үйренісу қиынға соқты. Жобаны қарап меңгеру де біраз уақытты алды. Дегенмен, алға қойған мақсатты орындадық. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бұл біздің одан әрі сапалы әрі жемісті еңбек етуімізге өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Сонымен қатар, бұл күні құрылыс алаңында берілген тапсырманы тиянақты орындағандар да марапатқа ие болды. Оның ішінде “World Skills Kazakhstan – 2016” ұлттық чемпионатының жүлдегері Роман Шишкин де бар.

Роман Шишкин – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Нағыз шеберлермен сайысу бізге қиын болды. Бірақ, біз де олардан қалыспай, бар білгенімізді ортаға салдық. Енді осындай жарыстар жиі ұйымдастырылып отырса деймін. Өйткені, біз құрылыс алаңында шыңдаламыз.

Сондай-ақ, аталмыш шара барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов жеңімпаздарды құттықтап, облысымызда құрылысшы мамандарына сұраныстың жоғары екендігін атап өтті.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Жарысқа қатысып, ат салысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Әсіресе, тас қалаушы сынды мамандықты таңдап, осы саланы меңгеріп жүрген студенттерге ризашылығымды білдіремін. Бүгінде біздің аймақта болашақ құрылысшыларды оқытатын 6 колледж бар. Онда қазір 900-ден астам адам білім алуда. Аталған білім ошақтарынан ұшқан түлектердің 97%-ы осы жерде, яғни Солтүстік Қазақстанда қалып, жұмысқа орналасады. Бұл құрылысшы мамандығының біздің облысымызда қаншалықты сұранысқа ие екендігін көрсетеді.

 


Болашақта бұл кәсіби шеберлік сайысы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы өңірімізде 185 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылмақ ниетте. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға артық.

Айгерім Ержанова