МТРА жаңалықтары

“Жұлдызға қара” байқауының жеңімпазы атанған 3 солтүстікқазақстандық мүгедек кәсіпкерге 300 мың теңгенің сыйлығы табысталды

Ерулан Макишов – ІІ топтағы мүгедек, жеке кәсіпкер:


– Петропавл қаласында шағын шеберханам бар. Соңғы жылдары клиенттеріміздің саны артты. Тапсырысты уақытынды орындау үшін бізге тігін машиналары жетіспеді. Маған бүгін біреуін “Құс жолы” қайырымдылық қоры сыйлады. Олар бұл жобаны “Казкоммерцбанк” АҚ-ның көмегімен жүзеге асырып келеді.

Ерулан Макишовтен бөлек биыл “Казкоммерцбанк” АҚ-ның 300 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантына 2 жерлесіміз ие болды. Олар бұл қаражаттың орнына қажетті техникалар сұратыпты.
Мысалы, І топтағы мүгедек Ақжан Кәрімнің жеке шағын полиграфиясына принтер қажет болса, кәсіби масаж жасаушы Марлан Сарымсақов өзіне ноутбук алыпты. Бұл техника оған клиенттерін электрондық базаға тіркеп отыру үшін керек екен. Жалпы биыл осындай қолдауға 48 қазақстандық мүгедек кәсіпкер ие болып отыр.

Жәнібек Тұрсынбаев – “Қазкоммерцбанк” АҚ Петропавл қалалық филиалы директорының орынбасары:

– Мүгедек кәсіпкерлердің арасындағы “Жұлдызға қара” байқауы үш ай өткізілді. Осы мерзім аралығында ел бойынша 200-ден астам адамның өтініші мен бизнес жоспары қаралған. Соның ішінде үздік танылған 48 жобаның 3-уі – Солтүстік Қазақстан облысынан. Олардың айналысып отырған кәсібі өзгелеріне қарағанда әлеуметтік тұрғыда маңыздырақ және халыққа көп пайдасы бар.

“Құс жолы” қайырымдылық қоры “Жұлдызға қара” байқауын ел бойынша
мүгедек кәсіпкерлер арасында 2005 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Содан бері 258 қазақстандық жарымжан “Қазкоммерцбанк” АҚ-ның қайтарымсыз грантына ие болыпты.

Берік Қасен