Әр түрлі

“Империал” шапито циркі Петропавлға келді

Ресейлік әртістер бұл жолы да талғампаз көрерменің көңілінен шығу үшін “Империал” шапито циркінің бағдарламасын біршама өзгерткен. Алғашқылардың бірі болып манежге Хасан Мирсаидов шықты. Ол ешбір сақтандыру құралдарынсыз 7 метр биіктікте арқанмен жүрді. Оның үстінде тұрып скакалкамен секірді. Кейін ортаға маңғазданып түйелер шықты. Екі өркешті хайуанаттар барлық пәрменді ойдағыдай орындады. Бір орында тұрып бірнеше рет айналды. Одан кейін тізерлеп жүрді. Осы күні музыкаға ырғағына ілесіп, тұяқтарын тақылдатып кербездене жүрген ақ боз ат та көрермендерді тәнті етті. Жылқы малы өнер көрсетіп болған соң иіліп барлығына алғысын білдірді. Артынша ортаға сайқымазақ шығып, бұрынғы әдетіне басты. Түрлі қылықтар көрсетіп, бала тұрмақ түгілі ересектердің өзін күлкіге қарық қылды.

Бұл күні баршасы аңдардың патшасы – арыстандарды көруге асық болды. Дуся, Бала және Зита есімді жыртқыштар манежде ешкімнен жатырқамай, арасында бапкерге еркелеп үйреншікті тапсырмаларын орындап берді. Әрлі-берлі аунап-қунады. Кейін жаттықтырушылар түз тағыларын азықпен алдап-сулап торына қамады.

Анатолий Ковалёв, “Империал” шапито циркінің жануарларды жаттықтырушысы, РФ:

– Циркте еңбек етіп жүргеніме 20 жылдың жүзі болды. Жыртқыш аңдарды 10 жылдан артық жаттықтырамын. Жануарларды жақсы көремін. Олар мұны сезеді және мені тыңдап тапсырмаларымды орындауға тырысады. Жыртқыштың аты жыртқыш. Оларға екінің бірі өз дегенін істете алмайды. Жануарларға қатыгез болмай, мейіріммен қарау керек. Кейде көңіл күйлері болмай тұрса ақырын сөйлеп, тапсырманы орындатуға көндіремін.

Бағдарламаның бірінші бөлімі талғампаз көрерменнің көңілінен шығыпты. Ата-аналар балаларымен уақытын көңілді өткізгеніне дән риза.

– Клоундар, жанглерлер көңілімді көтерді. Мен келесі жолы тағы да Шапито циркіне келемін .

– Актерлердің нөмірі мен жануарлардың өнері көңілден шықты. Азулы арыстандар жаттықтырушының тапсырмасын орындады. Жалынға оранған дөңгелектен қорықпай секірді.

– Маған бірінші кезекте арыстандар ұнады. Түйелердің соншалықты ақылды жануар екенін осы жерде байқадым.

Бағдарламаның екінші бөлігі де қызыққа толы болды. Цирктің батыл жігіттері жоғары жылдамдықта айналып тұрған дөңгелектің ішімен жүгірді.

Тұрғындарды таң қалдыру үшін әртістер жанды дауыспен ән айтты. Ал
көркем гимнастшылар жоғарыда мың бұралып түрлі трюктер жасады.

Осы жерде адамның айнымас серігі, жеті қазынаның бірі – ит те тамаша өнер көрсетті. Керек десеңіз румба биін биледі, сатымен жоғары өрмелеп шықты. Осымен қызыққа толы шоу 2,5 сағатқа жалғасты. Петропавл – шапито циркінің Қазақстанда аялдаған соңғы қаласы. Олар шатырды “Жастар” стадионының маңайына тіккен. Тұрғындар әртістер мен жануарлардың өнерін қыркүйектің 25-іне дейін тамашалай алады. Цирк көрсетілімі жұмыс күндері сағат кешкі 6-дан, демалыс күндері сағат бір және 17-00-де басталады. Билетті орындар мен бағдарламаға байланысты мың жарымнан бастап 4 мыңға сатып алуға болады.

Берік Қасен