Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК көкшетаулық “Арлан” командасынан ұтылып қалды

Бірнеше минуттардан соң көптен күттірген кездесу де басталды. Алғашқы периодта қос құрама хоккейшілері бір-бірінің қақпаларына толассыз шабуылдауда. Бірақ, бірінші кезеңде шайба соғылмады.

Екінші периодты қонақтар қарқынды бастады. Кездесудің 25-ші минутында арландық хоккейшілер ақыры есеп ашты. Көкшетаулықтар сапынан Алексей Иванов көзге түсті. Бұдан соң да арқа төсінен келген жігіттердің шабылуы толастамады. Олар периодтың ортан белінен асқанда жерлестеріміздің қақпасына шайба соғып, таблодағы есепті 0-де 2-ге жеткізді.

Кейін, жерлестеріміз белсенді ойнауға көшті. Әсіресе, алдыңғы шептегі шабуылшылар қонақ қақпашыны біраз әбігерге салды. Матчтың 31-ші минутында Анантолий Васильев шайба соғып, есепті қысқартты.

Осылайша екінші кезең 1-де 2 есебімен аяқталды. Ал, соңғы период жанкүйерлер күткендей тартысты басталды. Осы сәтте ертерек есепті теңестірмесе жеңістің ауылы алыс болатындығын ұққан жерлестеріміз белсенді өнер көрсетуде. Ақыры, ойынның 46-шы минутында Алексей Петушков шайба соғып, есепті 2-де 2 қылды.

Сонымен таразы бас тең. Ойын қызығы енді басталды. Хоккейшілер кездесудің қалған минуттарында жеңіс шайбасын соғу үшін жанталасуда. Осындай бір қауіпті сәтте жерлес спортшы қақпашы алаңында қонақ ойыншыға қарсы тәртіп бұзды. Мұны байқаған төреші солтүстікқазақстандықтарға қарсы “буллит” белгіледі. Айып шайбасын орындаған Дмитрий Потайчук мүлт кетпей есепті 2-де 3-ке жеткізді. Сонымен, арландықтар теріскейліктерден басым түсті.

Иван Рыбчик – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


–  Кездесудің басында жақсы ойнадық. Командадағы әріптестерімізбен сауатты қорғанып, өз кезегімізде қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық. Алайда, есеп аша алмадық. Ал, қалған периодтарда осалдық танытып, қақпамызға 3 бірдей шайба жіберіп алдық. Енді қарымта матчта жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

Қос құрама арасындағы қарымта матч бүгін кеші сағат 19:00-де “Спорт сарайында” өтеді.

 

Байболат Құлтанов