МТРА жаңалықтары

Петропавлда жалпықалалық қайырымдылық сенбілігі өтті

Сондықтан, Қарттар күні қарсаңында осындай сенбіліктер өткізіледі. Облыстық қуыршақ театрының ұжымы бұл игі шараға бір адамдай ат салысуда.

Ерлес Есенов, Облыстық қуыршақ театры директорының шаруашылық жөнінде орынбасары:

– 60 адам толығымен шықты. Бұл сауапты шарадан қалыс қалған емеспіз.

Бүгін ұжым екіге бөлініп жұмыс істеді. Бірі театр маңын сыпырып, тап-таза етсе, келесілері Жеңіс саябағын тазартуға атсалысты.

– Ал мына жерде тәртіп сақшылары ендігі қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Олар ІІД-нің мына ғимаратынан бөлек, қаладағы 13 аумақтық полиция пункті, 2 бөлім мен өздеріне тиесілі өзге де гараж, стадион сынды нысандардың маңын толығымен қоқыстан тазартуда. Бұл үшін Петропавлдағы барлық 2000-нан артық полиция қызметкері жұмылдырылған.

Ішкі істер қызметкерлері жалпықалалық қайырымдылық сенбілігін жыл сайын құр жібермейді. Қарияларға бір күндік жалақыларын бөлу өз алдына, қаламыздың тазалығы бірінші өзіміз үшін жақсы дейді, олар.

Дархан Наурызбаев, СҚО ІІД техникалық қызмет басқармасының аға инженері:

– Жылда шығамыз. Аудандағы, жергілікті және облыстық деңгейдегі әріптестеріміз де белсенді ат салысуда.

Шарадан оқушылар да тыс қалған жоқ. 10-шы орта мектептің шәкірттері мектеп ауласымен қатар Ардагерлер аллеясын сыпырып, ағаштан түскен жапырақтарды жинауда. Білім ұясының 10-шы сынып оқушысы Гюзель Закария шаһар көркін келтіру баршамыздың ортақ міндетіміз дейді.

Гюзель Закария, Н. Крупская атындағы №10 орта мектептің оқушысы:

– Мектебіміздің айналасы таза болғаны өзімізге жақсы. Сыныбымызбен бір адамдай ат салысудамыз.

Бұл сенбілікке қала бойынша жалпы саны 15 мың адамды құрайтын 600 ұжым қатысты. 33 техника жұмылдырылған. Бұдан өзге, тұрғындар да күрек сыпырғыштарын сайлап өз аулаларын тазартты.
Қайырымдылық сенбіліктен түскен қаражат қалалық және облыстық ардагерлер кеңесіне жөнелтіледі. Осылайша, жергілікті қарттарға солтүстікқазақстандықтар жұдырықтай жұмылып қолдау танытпақ.

Акбопе Танирберген