Мәдениет

Петропавлда “Географ глобус пропил” атты спектакль қойылды

Орыс жазушысы Алексей Ивановтың романы желісімен жазылған туынды өнесүйер қауымға бұрыннан таныс. Себебі, бұған дейін ол көрермендерге фильм түрінде жол тартқан. Сондықтан да болар, туындыны спекталь түрінде тамашалауға солтүстікқазақстандықтар көптеп жиылыпты.

Оқиға былай басталды. Пермь қаласы. Служкиндер жанұясында өте қиын күндердің туған кезі. Жұмыс таба алмаған отағасы биология пәнінің мұғалімі Виктор амалсыздан география пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады.

Мектепке жаңадан келген георафия пәні мұғалімі оқушылармен тез тіл табысып кете алмайды. Тәртібі нашар балалар оны тек кемсітіп, мазақ қылуды біледі. Бұл кезде Виктордың жеке өмірі де түбегейлі өзгереді. Жұбайы Надеждамен жиі жанжалдасып қала береді. Әйелі оны өзгеге айырбастап кетеді. Міне, осыдан кейін ішкілікке салынған бас кейіпкердің ісі алға баспай қояды. Ал, бұл бақытсыз Виктордың рөлін сомдау Омбы мемлекеттік драмалық “Бесінші театрының” актері Евгений Фоминцевке бұйырған екен.

Евгений Фоминцев – Омбы мемлекеттік драмалық “Бесінші театрының” әртісі, РФ:


– Ұзақ дайындалдық. Мен Виктор Служкинді 6 жыл бойы сомдап жүрмін. Осы рөлге ену үшін, дайындық барысында тіпті кейіпкерлердің басынан кешірген саяхатқа да шықтық.

Кейін Виктор мұғалім тек жұмысына көңіл бөліп, оқушыларымен тіл табыса бастайды. Өзінің махаббатын іздейді. Біраз, жетістіктерге қол жеткізгенімен, өзі іздеген нәзікжандыны кездестірмей қойылым соңында жалғыз қалады. 3,5 сағатқа жалғасқан қойылым көрермендердің көңілінен шықты.

– Өте ұнады. Бұған дейін фильмін көрдім. Бүгін арнайы сахналық қойылымын тамашалауға келдім. Оқиға бір болғанымен спектальде әртістің жеткізуі бөлек. Біраз, айырмашылықтарды байқадым.

– Басты кейіпкер мен оның жолдасы Будкиннің қалжындарын және қимыл-қозғалыстарын бақылаған өте қызықты болды. Евгений Фоминцев өзінің актерлік шеберлігімен барша залдың көңілін баурап алды.

Тоғжан Ақмағамбетова