Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге қосымша 1000 тонна газ жеткізіледі

Осыған дейін көпшілігі көгілдір отын тапшылығын сезініп, оның бағасы күрт өсіп кетті деп шулап жүргенде, кәсіпорын еш кедергісіз жұмыс істеді. Өйткені, мұндағылар жауапты маусымға ертерек қамданған.

Дәурен Сепбосынов – «ХПП«ТНС-Экспорт» ЖШС директоры:


–  Айына шамамен 180-200 тонна газ жұмсаймыз. Бірақ, бізде барлығы астықтың ылғалдылығына байланысты. Егер ылғалдылық жоғары болса, тындыратын жұмыс ауқымы да үлкен. Тиісінше газ да көбірек жұмсалады. Бүгіндері келіп түсіп жатқан астық құрғақ. Әзірге, біз 180 мың тонна көгілдір отын алуға келісімшарт жасасып қойдық.

Элеватор газды «Рока» компаниясы арқылы жеткізеді. Олар – өңірдегі көгілдір отын тасымалымен айналысатын 8 кәсіпорынның бірі. Мұндағылар айына 1200 тонна газ өңдейді екен. Жыл соңына дейін олар жұмыс қуаттылдығын 1400 тоннаға дейін арттырмақ. Өйткені, тұтынушылар қатары артып келеді.

Александр Фель – «Рока» ЖШС директоры:


–  Осыған дейін газ тапшылығы сезілген болатын. Бүгіндері жағдай тұрақталды. Жанар-жағармай құю станциялары мен элеваторларға көгілдір отын жеткізілді. 70 тоннадай газ қалған болатын, міне дәл қазір тағы вагондар келіп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта проблема туындамайды деп ойлаймын.

Өңірге келген тиісті министрлік өкілдері орын алған көгілдір отын тапшылығының қандай себептен болғандығын түсіндіруде. Біріншіден, ол жалпы сұраныстың артуы болса, екіншісі алып сатарлар ел нарығына арналған газды заңсыз көрші елдерге саудалаған.

Зияш Қияқбаев – ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры:

 

– Энергетика миниситрлігімен бекітелген баға тоннасына 23106 теңге болса, көрші елдерде, Ресейде – 2 есе, Тәжікстанда – 5 есе қымбат. Аи-92 бензинінің литрінің құны 120-125 теңге болса, газдың литрінің құны 50-60 теңгені құрады. Қазақстанда әр түрлі кей жерде арзан, кей жерде қымбат. Моторға қолданатын отын ретінде ол екі есе арзан Сондықтан, автожүргізушілер осыған көше бастады.

Айту керек, өңірде бұған дейін газдың жетіспеушілігі мен қымбаттауына байланысты туындаған мәселе бүгінде толығымен реттелді. Бүгіндері облыста көгілдір отынның 1 литрінің құны 58 теңге тұрады. Ал алдағы күндері облысқа газдың қосымша 1000 тоннасы жеткізілмек.

Магжан Ахмадина