МТРА жаңалықтары

Жергілікті басқару заң жобасы жетілдірілуде

“Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заң жобасын талқылауға аудандық, селолық округ әкімдері мен жұмыс тобы да қатысады. Соңғысына жерлесіміз Сергей Худяков СҚО азаматтар альянсы қауымдастығының атынан барған. Ол заңдағы жаңа екі норманың биыл қолданысқа енгізілгені жөн болар еді дейді.

Сергей Худяков – СҚО азаматтар альянсы қауымдастығының төрағасы:

– Біз Мәжіліс депутаттарымен бірге “Жергілікті өзін-өзі басқару” туралы заң жобасын 2 сағат бойы талқыға салдық. Сұрақтар көп болды. Құжатта көрсетілгендей, ауылдық округ әкімдерінің құзіреттілігі артады. Ауыл әкімін тұрғындардың өздері таңдау құқығына ие болады. Сонымен қатар, Мәжілісте ауылдық округтердің жеке бюджетін құру туралы сұрақтар да қарастырылу үстінде.

Заң жобасын Сенат депутаттары мақұлдаса, 2018 жылы қолданысқа енгізіліп, заңды тұлғалардан алынатын жер және көлік салығы жергілікті жердің қазынасында қалуы мүмкін.

Сергей Худяков – СҚО азаматтар альянсы қауымдастығының төрағасы:


– Заңды тұлғалардан алынатын жер және көлік салығынан түскен қаражат барлық елді мекендерге бірдей қолжетімді болмайды. Ол үшін ауылдық округ тұрғындарының саны 2000 адамға жетуі тиіс. Заңды тұлғалардан алынатын жер және көлік салығы алдымен аудандық қазынаға түсіп, кейін ол қаражат аудандық мәслихат депутаттарының мақұлдауымен сол елді мекендерге таратылып беріледі.

Бұл ретте айта кеткен жөн. Осыған дейін жеке тұлғалардан алынатын салықтың 4 түрі, атап айтсақ, жеке табыс салығы, жер, көлік, мүлік салығы аудан қазынасында қалатын болды. Кейін ол қаражат аудандық мәслихаттың шешімімен ауылдық округтерге бағытталып отырады.
“Жергілікті өзін-өзі басқару” туралы заңының жаңартылған нұсқасы кең қолданысқа енгізілмей тұрып халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмекші.

Берік Қасен