МТРА жаңалықтары

СҚО қуыршақ театрының 27-ші маусымы ашылды

Балаларды күттірген спектакль басталды. Ер жеткен Айдар әжесінің айтуымен атасы Аян марқұмның домбырасының үнін іздеп жолға шығады. Ауылдағы думан-тойда жиі естілетін киелі аспапты жек көрген зұлым күштер оның ғажайып дауысын тығып қойған екен. Домбыра үнін жартылай адам, жартылай қасқыр кейпіндегі Бурихан үңгіріне жасырып қойған.
Ал, ол – күн сәулесі мен жарықтан ғана қорқатын күллі қасқыр мен итті қол астына жиған түннің әміршісі. Бұл рөлді сомдау қуыршақ театрының жас актері Нұрсұлтан Қалқабекке бұйырған екен. Бұрын-соңды мұндай жағымсыз кейіпкерді сомдамаған жігітке басты рөлге еніп кету оңайға соқпапты.

Нұрсұлтан Қалқабек, Облыстық қуыршақ театрының актері:


– Біраз іздендім. Түрлі видеолар қарадым. Жартылай жануар, зұлым адамның кейіпіне ену оңай болған жоқ.

Бұған дейін домбыраның дауысын қайтаруға ниеттенген 41 батырдың әрекетінен ештеңе шықпаған екен. Бірақ, бүгін табиғат ананың қыздары – Тоғжан, Айжан, Күнсұлудың көмегімен Айдар көп кедергілерден өтіп, Буриханның үңгіріне тап болады. Ересектеу балаларға арналған Адам Карасайдың шығармасын Сапар Мәпенов 3 айға жуық дайындаған. 10-ға жуық қуыршақ пайдаланылған екен.

Сапар Мәпенов, Облыстық қуыршақ театрының актері:


– Қазақ халқының ұлттық аспабы жайлы ертегіні әдейі таңдап алдық. Себебі, биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерей тойы. Премьераға ұзақ уақыт дайындалдық. Әуендер жаздық. Киім тіктірдік. Бұл – қоюшы-режиссер ретінде сахналаған 6-шы спекталім екен.

Ертегі соңында бозбала Айдар Буриханды ақыл-парасатымен жеңіп, домбыраның үнін босатады.

Ертегі балғындардың көңілінен шығыпты.

–  Маған ұнады. Көп қасқарлар шыққан кезде қорқынышты болды. Ал, үш әдемі қыздар шыққанда қуандық. Олар Айдарға көмектесті.

Петропавлдық балғандар ертегіні алдағы сенбі-жексенбі күндері де облыстық қуыршақ театрына келіп тамашалай алады.

Акбопе Танирберген