МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Өңір тарихы – еліміздің тарихы” атты дөңгелек үстел өтті

Облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жастарға Солтүстік Қазақстан өз алдына облыс болып қалыптасқаннан кейінгі 80 жыл бойы шыққан кітаптар мен еңбектер жайында сөз қозғауда. Бұл тұрғыда бірнеше маңызды әрі қызықты мысалдар да келтірді.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:


– Биыл Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы өңірдің 80-жылдық мерейтойымен сәйкес келіп отыр. Бүгін біз “Өңір тарихы – еліміздің тарихы” атты дөңгелек үстелде бас қосып отырмыз. Солтүстік Қазақстанның тарихы сонау 1936 жылдан басталады. Бүгінге дейін еліміздің маңызды аймағы саналады. Сол кездерден бері ауыл шаруашлығы дамыған. Мұндай алға басушылық пен аймақтың гүлденуі басылымдар мен “СҚО энциклопедиясы”, “Облыстың жетекшілері” атты кітаптарда жазулы. Көптеген құжаттар мұрағатта сақтаулы.

Бұл жиынға облыс орталығы – Петропавл қаласында 80 жыл бойы орын алған өзгерістер мен оқиғаларды тайға таңба басқандай айтып беретін өлкетанушы Вера Яворская қатысуда. Ол шаһардағы қай ғимараттың қай жылы бой көтергенінен хабардар. Өлкетанушы “Жергілікті жастар өздері туып өскен жерлерінің тарихын біліп жүрсе екен”,- дейді.

Вера Яворская – өлкетанушы:

 


– ҰОС соғысына дейінгі жылдары Петропавлда зауыт пен емханалар бой көтере бастады. Мұнда сиыр, қой терілерін илеп, аяқ киім тігетін арнаулы кәсіпорын және кірпіш зауыты іске қосылды. Нәтижесінде қала кәсіпорындарының қатары өсіп, жұмысшылар саны ұлғайды. 2-дүниежүзілік соғыс алдында Петропавлда коммуналдық және электр көлігі шаруашылықтары қалыптасты. Сөйтіп, зауыт, фабрикалар қала экономикасын біршама көтерді. Соғыстан кейін де қала біртіндеп көркейе бастады.

Жиналған жастар баяндамашыларға көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алып жатты. Олар өңір жайлы өздері бұрын білмеген ақпараттармен танысты. Айта кету керек, мұндай пайдалы кездесудің өтуіне “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы мүмкіндік тудырып отыр.

Тогжан Акмагамбетова