МТРА жаңалықтары

“Южный” кәріздік коллекторындағы жұмыстың орындалуы – бақылау комиссияның қадағалауында

Мамандардың айтуынша, диаметрі 800 мм-лік құбырдың сапасы жақсы. Материал ең кемі 60 жылға шыдас беруі тиіс. Оны өз ісінің білгірлері гидравликалық әдіс арқылы дәнекерлеп, Есіл өзені деңгейінен 8 метр тереңдікте орнатпақшы екен. Жұмыс күрделі әрі көп уақыт алуы мүмкін дейді мұндағылар.

Александр Прокопьев – “СК-Максимум” ЖШС прорабы:

– Бұл учаскеде құбырларды жер астынан тарту үшін көлденең бұрғылау әдісін қолданудамыз. Яғни, жер қазылмайды. Қазір біз Есіл өзенінің астынан ұзындығы 334 метр болатын құбырды тартайын деп жатырмыз. Алдымен Есіл өзені түбінен 3 метр тереңдікте арнайы машинаның көмегімен көлденеңінен 1200 мм үңгір қазылады. Сосын оның ішінен 800 мм-лік құбыр тартылады. Жұмыс өте қиын. Әдістің өзі қымбат тұрады, бірақ тиімді.

“Южный” кәріздік қысым коллекторына екі жыл бұрын осыған ұқсас құбыр тартылған екен. Одан алда-жалда ақау шығып қалса, жанында міндетті түрде қосалқысы болуы қажет дейді жобаға тапсырыс беруші “Қызылжар” ЖШС-нің бас инженері Сергей Визеров.

Сергей Визеров – “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:


– Бұл Петропавл қаласында негізгі кәріздік коллектор болып саналады. Сондықтан, оның істен шықпағаны бізге жақсы. Қаламызда жалпы ұзындығы 5 км 83 метр кәріздік желіні тарту жоспарланған. Бүгінде оның 4 км 114 метрі тартылды. 2-ші құбырды тартуға “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 790 млн теңге бөлініп, қаржының 605 млн теңгесі игерілді. Жалпы жұмыс 82 пайызға тындырылған.

Негізі бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың маусымында басталған. Бүгінде
“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында орындалып жатқан нысандағы жұмыстар “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының
үнемі бақылауында.

Кеңес Мұқышев – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ жанындағы бақылау комиссиясының мүшесі:

– Учаскедегі жұмыстарды тексердік. Кестеге сай жүргізіліп жатыр екен.

“СК-Максимум” серіктестігі нысанды қазанның 1-іне дейін қолданысқа тапсырмақшы.

Берік Қасен