Көлік және жолдар

Петропавлда аулаішілік жолдар қалыпқа келтірілуде

Көліктері үнемі қирап, шұрық-тесік жолда құлап-сүрініп, сазда үстері кірлеп әбден титықтаған петропавлдықтар аббаттандыру шараларын біраз күткен екен. Аулаішілік жолдың нашарлығынан бірнеше жылдан бері пәтерін сата алмағандар да бар.

Елена Шкареда – А.Шәжімбаев қысқа көшесі, 15 мекен жайының тұрғыны:

– Адамдар ауланың жағдайын көріп, біздің үйден пәтер алғылары келмейтін. Сата алмағаныма бірнеше жыл болды. Өйткені, қазір адамдарға барлық жағдайдың жасалғаны жақсы.


Тамара Панькова – А.Шәжімбаев қысқа көшесі, 15 мекен жайының тұрғыны:

–  13 жыл бойы осы үйде тұрамын. Сол аралықта түк істелмеді. Бір рет осы баспананың ауласында аяғымды да қайырып алғанмын.

200 пәтерлі бұл үйде 1000-нан астам адам тұрады. Жолдың нашарлығынан әбден жалыққан тұрғындар мен ПИК төрайымы Антонина Ковалева қалалық әкімдікке жүгінген.

Антонина Ковалева – «Калининец» ПИК төрайымы:

– Қалалық әкімдікке барып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне өтініш жаздым. Оған дейін тұрғындардың қолын жинаған болатынмын. Міне, содан екі аптаға жуық уақыт өтті. Жол істеліп жатыр. Тағы балалар алаңын жасау керек еді. Бірақ, оны көктемге қалдырды.

9 қабатты үйдің ауласында 4 күннен бері қызу жұмыстар жүргізілуде. «Казфорт» серіктестігінің 6 қызметкері мұнда асфальт төсеп жатыр.

Левон Саадян – «Казфорт» ЖШС шебері:


–  Ең алдымен ауланы тазаладық. Кейін қиыршық тас төсеп, асфальт салып жатырмыз. Жалпы жұмыс аумағы 1200 шаршы метр жерді құрайды.

Сәтпаев көшесі бойындағы 25-ші үйдің тұрғындары да аулаішілік жолдың нашарлығынан біраз қиындық көрген. Сөйтіп, биыл тұрғындар өз базынасын қала әкімінің халық алдында есеп беру жиынында жеткізіпті. Міне, жарты жыл өтпей жатып, жағдай реттелді. Мұнда да бүгіндері асфальт төселіп, жол жөнделген. Тағы ауладағы ескі ағаштар кесіліп, балалар алаңқайы пайда болды. Жалпы ағымдағы жылы Петропавлда осындай 70-тен астам аула қалыпқа келтірілген.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 


–  Қала әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындар айтқан 25 ауланы аббаттандыру шаралары толық аяқталды. Тағы 52-сінде тұрғындардың ауланы қалыпқа келтіру жөніндегі өтініштері бойынша тиісті жұмыс істелді. Жалпы биыл кешенді аббаттандыру шаралары аясында 97 аулада шаруа тындырылуы тиіс. Оның ішіне, ескі ағаштарды кесу, балалар алаңқайын тұрғызу және жолды қалыпқа келтіру шаралары кіреді. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 240 млн теңге қаржы бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 есеге артық.

Енді ең бастысы ауа райы жақсы болса болғаны. Сонда қалған аулаларда да абаттандыру шаралары толық аяқталмақ.

Магжан Ахмадина