Атадан-балаға жалғасқан кәсіп

Өнеркәсіп

13:02 14 Қыркүйек 2016

Сергей Медведев, “Мұнаймаш” АҚ жетекші инженер-құрастырушысы:


– Әрине, жұмысымыз оңай емес. Барлық дайын болған бөлшектердің сапасы – біздің қағазда көрсеткен сызбамызға байланысты. Кішкентай бір сызықты артық не кем етсек, дайын бөлшек жарамсыз болып шығуы мүмкін.

Зауыттағылар Медведевтер әулетін жақсы біледі. Себебі, мұнда Сергей Владимировичтің әкесі инженер-технолог болып 40 жыл еңбек еткен. Қазір 84 жасқа келген Владимир Медведев еңбек демаласында. Қазір кәсіпорынның дамуына немересі Денис те өз үлесін қосуда. Әкесі мен атасының жолын қуған жігіт зауытта 2013 жылдан бері тер төгіп жүр.

Денис Медведев, “Мұнаймаш” АҚ жетекші инженер-технологы:


– Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымымыз жақсы. Мен әкем отырған бөлім әзірлейтін сызбаларды жүзеге асырамын. Олардың қағазға түсіргенін компьютер арқылы арнайы бағдарламаға енгіземін. Кейін оны мына құрылғылар жасап шығарады.

Медведевтер әулетінің зауыттағы ортақ еңбек өтілі 70 жылдан артық. “Еңбек жолы” байқауының аймақтық кезеңінде бұл әулет үздік деп танылды.
Жалпы, “Мұнаймаш” зауытында 150-ден артық адам жұмыс істейді.

Фёдор Дмитриев, «Мунаймаш» АҚ бас инженері:


– Кәсіпорында жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Асхана, спорт алаңдары бар. Тәулік бойы еңбек ететіндерін үйіне жеткізіп тастайтын көлік те қарастырылған. Жалақылары уақытылы төленеді.

Үстіміздегі жылдың 8 айында “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы 1 миллиард 300 миллион теңгенің тауарын өндірген. Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 миллиардтан асыруды жоспарлап отыр.

Акбопе Танирберген