Білім

Солтүстікқазақстандықтардың 48 пайызы қазақ тілінде сөйлейді

Жыл басынан бері “Қазтест” жүйесі бойынша 2 500 солтүстікқазақстандық тыңдаушы сынақтан өтіп, оның 40-ы сертификат алды. Сондай-ақ, жиын барысында тілдерді оқыту орталығының жұмысы жайлы айтылды. Аталмыш орталық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жанынан биыл құрылыпты. Онда мемлекеттік қызметшілер, оралмандар мен ғылым саласының еңбеккерлеріне қазақ және шет тілдері үйретілетін болды.

Үмітжан Шынтемірова – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының басшысы:


– Орталықтың өз міндеттері мен мақсаттары бар. Ол ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру. Тіл мәселесін кешенді түрде шешу. Және тілге деген сұранымды қанағанттандыру.

Сондай-ақ, биыл оқырмандарға арналып қазақ тілді “Тіл әлемі” интернет порталы іске қосылған. Онда қазақ тілінде басылып шығатын туындылар қазақстандықтар мен шетелдегі қандастарымызға қолжетімді.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:


– Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша «Tilalemi.kz» интернет-порталы іске қосылды. Онда оқырмандар өздері оқығысы келетін кітаптарды портлаған енгізу жөнінде ұсыныс бере алады. Сонымен қатар халықтың сұранысы бойынша үстіміздегі жылдан бастап ономастикалық базаға құрылған «Atau.kz», орфографиялық базаға негізделген «Emle.kz» және терминологиялық «Termincom.kz» мамандандырылған сайттары жұмыс істей бастады.

Қазіргі таңда көшедегі, сауда үйлері мен өзге де нысандардың сыртында
көрнекі жарнамалардағы мемлекеттік тілдегі ақпараттардың көпшілігі қатемен жазылған. Оны түзеу мақсатында басқарма өкілдері жиі рейд өткізіп, әдістемелік көмек беріп тұрады. Кемел Оспановтың сөзінше, 80 пайызы кеңеске құлақ асатын көрінеді. Ал қалғандарын әкімшілік жауапкершілікке тартуға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының құқығы жоқ.

Берік Қасен