Спорт

Қызылжар СҚ” ФК оңтүстікқазақстандық “Мақтаарал” құрамасын тізе бүктірді

Кездесудің алғашқы минуттарында жерлестеріміздің қарқыны күшті. Бірінші таймда ойын тізгінін өз қолдарына алған теріскейліктер оңтүстікқазақстандықтарды біраз әбігерге салды. Әсіресе, айып добын орындаған жартылайқорғаушы Али Алиевтің ұмтылысы өте қауіпті болды.

Алайда, алғашқы таймда “Қызылжар СҚ” ФК жігіттері қанша шабуылдағанымен есеп ашылар емес. Өз кезектерінде оңтүстікқазақстандықтар да аянып қалмады. Қонақтар
гол соғудың сан мәрте амалдарын іздегенімен олардың да ұмтылысы сәтсіз аяқталды. Сонымен бірінші 45 минуттықтың қорытындысы 0-де 0. Қос құраманың аяқ допшылары үзіліске тең нәтижемен тарқасты.

–  Ауа райының қолайсыздығына қарамастан матчты тамашалауға келдік. Әзірге, біздің жігіттер жақсы ойнауда. Енді келесі таймда гол соғып қарсыластан басым түсеміз деп ойлаймын.

Көп кешікпей 2 тайм да басталды. Үзілісте бапкердің ақылын тыңдаған жерлестеріміз кездесудің 52 минутында есеп ашты. Теріскейліктер сапынан Тимур Мулдинов көзге түсіп, матчтағы шешуші голды соқты. Осылайша солтүстікқазақстандықтар жеңіске жетіп, қоржынға 3 ұпай салды. Енді жерлестеріміз келесі турдағы ойынын қыркүйектің 18-күні “Қарасай” стадионында өткізеді. Бұл жолы Петропавлға семейлік “Алтай” құрамасы келмек.

Култанов Байболат