МТРА жаңалықтары

Құқық қорғау қызметкерлерінің жанұялары спорттық сайыста сынға түсті

Жанат Сағденов – СҚО ІІД кадр жұмысы басқармасының бөлім бастығы:


–  Бұл сайысты біз “Отбасы күніне” арнап өткізудеміз. Оған өңіріміздің құқық қорғау қызметкерлерінің 15 жанұясы қатысуда. Сайыстың басты мақсаты – тәртіп сақшыларының спорттық дайындығын тексеру. Және олардың отбасы мүшелерін салауатты өмір салтын ұстануға баулу болып табылады.

Бұл спорттық эстафетаға Даиыркеновтар жанұясы да қатыспақ. Олар сайысқа тыңғылықты дайындалыпты. Үйдің отағасы Әсет пен зайыбы Жанар үнемі салауатты өмір салтын ұстанады. Олар үнемі жүгіріп, түрлі спортттық шараларға қатысып тұрады екен. Отбасы мүшелері жарыста жеңімпаз атанатындарына сенімді.

Әсет Даиыркенов – Уәлиханов аудандық ІІБ аға инспекторы:


–  Жарысқа қатысу үшін Уәлиханов ауданынан келдік. Жарыста жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

Сонымен сайыс басталды. Жарыстың бірінші ойыны “Шеңбер” деп аталады. Мұнда отбасы мүшелері арнайы сақинаны алып жүгіреді. Алғашқы сында Есіл ауданынан келген Әбілмәжіновтер жанұясы қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Сайран Әбілмәжінов – Есіл аудандық ІІБ учаскелік инспекторы:


–  Жалпы қзім түрлі спорттық сайыстарға жиі қатысып тұрамын. Балам мен жарым да салауатты өмір салтын ұстанады. Сондықтан, бұл ойында бізге жеңіске жету қиын болған жоқ. Эстафетадағы келесі сайыстарда да үздік атанамыз деп ойлаймын.

Жалпы, спорттық эстафета 7 сайыстан тұрады. Онда қатысушылар жылдамдықтары мен дәлдіктерін сынға салмақ. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етіледі.

Култанов Байболат