МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Ыстық ұя” атты жиһаздар көрмесі өтуде

Бұл дүниелердің барлығы осыдан 1 ғасыр бұрын жасалынған. Алайда, осынша ұзақ жылдар өтсе де олардың ешбірі ескірмепті. Құнды мұраны қала тұрғыны Лидия Члег көзінің қарашығындай сақтаған. Бүгін міне, ата-бабасынан қалған жәдігерлерді көрермен назарына ұсынып отыр.

Лидия Члег – қала тұрғыны:


–  Отбасы күніне арналған көрмені “Ыстық ұя” деп атадым. Бұл жерге менің барлық байлығым әкелінді десем де болады. Өйткені, бұл дүниелер маған өте қымбат. Осындай көрме арқылы мен ата-бабамнан қалған дүниені жастарға көрсеткім келді. Олар жанұя құндылығын ұғынып, үлкендерден қалған заттарды сақтап үйренсе деймін.

Лидия Члег үшін көрмедегі жиһаздардың барлығы құнды. Дегенмен, оған мына орындықтар ерекше ыстық екен. Бұл дүниелер 1892 жылы жасалынған. Орындықтар қала тұрғынына арғы әжесінен жәдігер болып қалыпты.

Лидия Члег – қала тұрғыны:


–  Бұл орындықтарды достары арғы апам тұрмысқа шыққанда сыйлапты. Жиһаз қандай ағаш түрінен жасалғандығын білмеймін. Бірақ, ол өте мықты. Талай жыл өтсе де мүлде ескірген жоқ.

Жалпы, көрме залына Лидия Члег 10-нан аса жиһазды қойған. Оларды мұражайға келушілер тамашалап, бір ғасыр бұрын жасалған дүниелерге таңданыстарын жасырмады.

–  Көрмедегі заттардың барлығы ескі. Бірақ, олар ұқыпты сақталған. Айна, картиналардың бәрі өздерінің алғашқы бояуларын жоғалтпапты.

– Маған көрмедегі тербелмелі кресло ұнады. Оның өзгелерге қарағанда жасалуы ерекше.

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында “Ыстық ұя” көрмесі 1 ай бойы өтеді.

 

Байболат Құлтанов