МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Менің сүйікті отбасым” байқауы өз мәресіне жетті

Қазір жас жұп 7 қазан күніне белгіленген уйлену тойларына дайындалуда. Осы байқаудың арқасында бір-бірімізді жақынырақ танып, сезімдерімізді шыңдай түстік дейді болашақ ерлі-зайыптылар.

Алтай Садуов – байқауға қатысушы:

– Байқауда өз жұбым жайлы көп нәрсені білдім. Оның пысық әрі мейірімді жан екеніне көз жеткіздім.

Байқауға қатысушылар түрлі сындарда бақ таластырды. Мәселен, фототүсірілім, бір-біріне киім таңдау және бауырсақ пісіру. Бірақ, сайыскер жұптар үшін Сәбилер үйіне бару ең қиын әрі күтпеген сынақ болған екен. Ұйымдастырушылар мұндай шараның өткізілуі жас отбасыларға бала сүюге дайындалуға мүмкіндік береді дейді.

Галина Бондаренко – «Улыбка» балалар қайырымдылық қорының президенті:

–  Бүгін біз бір ай бойы өткізіп келген «Менің сүйікті отбасым» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, сыйлықтар табыс етпекпіз. Сонымен қатар, қатысушыларға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырдық.

Жалпы, байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды екі жұп – Алтай Садуов пен Зарина Кажинова және Андрей Ермолаев пен Юлия Воробьева жеңіп алды. Оларға демеушілерден түрлі сыйлықтар табыс етілді.

Андрей Ермолаев – байқау жеңімпазы:

– Шынымды айтсам, жеңіске жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Себебі, басқа қатысушылар да мықты болды. Бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз.

 

 

Мұндай байқау өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Шараның ұйымдастырылуына 40-тан астам демеуші атсалысты. Байқау аясында жиналған қаражат Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының ашылуына жұмсалмақ.

Айсулу Сергали