МТРА жаңалықтары

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов “Серпін” бағдарламасының қатысушыларымен кездесті

Мұрат Әбенов – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

 

– Қазақстанның 9 өңірінде бала туу көрсеткіші төмендеп барады. Еңбекке қабілетті азаматтардың қатары 3 пайызға кеміген. Әсіресе, СҚО-да демографиялық ахуал онша емес. Біз арнайы жастарды басқа өңірлерден тартпасақ, болашақта мұнда жұмыс сітейтін адамдар саны мүлде аз болуы мүмкін.

Мұрат Әбеновтың айтуынша, елімізде еңбек ресурсында тепе-теңдік сақталмаған. Осы күннің өзінде еліміздің батысы мен солтүстік аймақтарында кадр тапшылығы сезілуде. Сол себепті 2014 жылы “Мәңгілік Ел жастары -индустрияға!” әлеуметтік бағдарламасы іске қосылған болатын. Жоба аясында 420 студент өңірімізге келіп, 7 колледжде 14 мамандық бойынша білім алуда. Оның 185-і биыл қабылданған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапкерлер оқуларын бітірген соң осында тұрақтап қалуға тиісті.
Бұдан бөлек бүгінде “Серпін -2050” бағдарламасы бойынша М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 200 студент мамандық меңгеріп жатыр. Олар да Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы шақыртумен келген. Біразы техникалық, педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық мамандықтарын таңдапты. Биылғы талапкерлерге 3 мың грант бөлінді.

Назерке Орынбасар – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-студенті, “Серпін-2050” бағдарламасының қатысушысы:


– Мен ОҚО-нан келдім. Мұнда өзге өңірлерден келген студенттерге барлық жағдай жасалған. Шәкіртақымызды уақытыл алып тұрамыз, жатақхананың іші жылы.

Алдағы 5 жылда ел азаматтарының 80 пайызы шағын және орта кәсіпкерлікте еңбек етеді деп болжануда дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мұрат Әбенов. Жақында отандық ЖОО-дарында сауалнама жүргізілген. Сонда студенттердің 70 пайызы болашақта жеке кәсібін ашуға құлықсыз болып шығыпты. Мұрат Әбенов мектеп және ЖОО-дарының оқыту бағдарламаларына кәсіпкерлік негіздерін енгізу қажеттігі туындап отырғанын айтады. Және жастар арасында қаржылық, құқықтық сауаттылықты арттыру керек дейді.

Мұрат Әбенов – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

 

– Жастар біреуге жалданып жұмыс істеймін деп емес, өзім үшін оқимын деген сананы қалыптастыру керек. Мысалы, экономикасы дамыған елдерде студенттердің 80 пайызы мен өз компаниямды ашамын деп өз үшін оқиды, талпынады, үздіксіз ізденіс үстінде жүреді. Солай біз де жастардың ойын осы бағытқа бұру керекпіз.

Әркім мамандықты бойындағы қарым-қабілетіне қарай таңдағаны абзал. Осы тұста еңбек нарығының сұранысын да ескерген жөн. Шет тілдерді де жетік меңгерген артықтық етпейді. Себебі, келешекте көп тілді меңгерген азаматтарға өндіріс саласында да сұраныс жоғары болады дейді елордалық мейман.

Берік Қасен