МТРА жаңалықтары

Ұлттық ұланның қатарындағы солтүстікқазақстандық сарбаздар ата-аналарымен онлайн режимінде сөйлесті

Бүгін 6637 әскери бөліміне 150 адам келді. Біразының ұлдары еліміздің оңтүстігі, шығысы мен батыс өңірлерінде әскери міндетін өтеп жүр.

Дулат Әбілмәжінов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлім батальоны командирінің орынбасары:

– Ұлттық ұланның қатарындағы сарбаздар негізінен елдің ішіндегі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Полиция өкілдерімен бірге кешқұрым қала көшелеріне кезекшілік атқаруға шығады. Қоғамның тыныштығын бұзғандарды және адамдардың өміріне қауіп төндірген қылмыскерлерді ұстауға атсалысады.

Әскери бөлімнің ішін аралап болған соң барлығы үлкен залдағы орындықтарға жайғасып, Ұлттық Ұлан туралы деректі фильм көрді. Бейбіт күнде ерлік жасаған жас сарбаздардың есімін естіді. Өз балаларының да Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргенін білді. Салтанатты жиында қатардағы сарбаздардың ата-аналарына Бас қолбасшылықтан келіп жеткен Алғыс хат табысталды. Айгүл Мұсаипованың ұлы ҰҰ-ның қатарына маусымның 14-і шақыртылған. Қазір Қарағанды облысында әскери міндетін өтеп жүр. Айгүл Мұсаипова баласының әскери ант қабылдау рәсіміне қатыса алмағанын айтады.

Айгүл Мұсаипова – ата-ана, Жамбыл ауданы:

– Балам әскерде тәртіпті болып жүр екен. Ұлым үйге аман-есен оралсын деп тілеймін. Күнде алаңдап отырамын.

Осы залдан ата-аналар 11 қаладағы әскери бөлімдермен онлайн режимінде байланысқа шықты. Біраз жерлесіміз алыста жүрген балаларымен қашықтықтан сөйлесіп, хал сұрасты.

Зейнеткер Үміт Нұртазинова жолды көтере алмайтындықтан жиені Есімхан Шүкіржановтың Семейдегі ант қабылдау рәсіміне бара алмапты. Есесіне бүгін қашықтықтан сөйлесуге мүмкіндік алды.

Үміт Нұртазинова – Аққайың ауданының тұрғыны:

– Есімхан жиенім менің қамқорлығымда. Анасы қайтыс болған. Мұнда баламмен скайп бейнеқосымшасы арқылы сөйлесу үшін Аққайың ауданынан әдейілеп келдім.

Бүгінде ел бойынша Ұлттық ұланның қатарында 500 солтүстікқазақстандық сарбаз бар.

Мұрат Әтібеев – ҚР ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:

– Көп ата-ана белгілі бір себептермен және денсаулықтарының нашарлауына байланысты баласының әскери ант қабылдау рәсіміне қатыса алмай жатады. Осыны ескеріп, елімізде тұңғыш рет осындай акцияны ұйымдастырдық.
Шара аясында тұрғындар әскери өмірмен танысып, онлайн-режимінде балаларымен сөйлесе алады.

Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы осындай акцияны Қостанай, Көкшетау, Орал, Алматы қалаларында өткізіпті. Жоспарда басқа аймақтар бар.

Берік Қасен