Қоғам

Петропавлдық ақын, жазушы В.Коноплевтың кітабы жарық көрді

Қысқа ғана шығармада соғыс уақытындағы бір отбасының өмірі, бастан кешкен қиыншылығы суреттелген. Түрлі сезімдерге толы әңгімені оқып біткен автор көзіне жас алды. Себебі, бұл туындыны автор өмірде болған оқиғаға сүйеніп жазған.

Василий Коноплев, ақын, жазушы:

– Бұл – менің проза, әңгімелерім жинақталған алғашқы кітабым. Бұрын тек өлең кітаптарым басылып шыққан еді. Шығармаларым тек газет-журналдарда жарық көріп жүрді. Кейін, бәрін біріктіріп кітап қылуды ойластырдым. Қазір менің қолымда бірнеше данасы ғана бар. Ал оқырмандарым интернет арқылы оқи алады. Мен көбіне әр әңгіменің оқиғасын ойдан құрастырамын. Аңыз сарынында жазамын. Мысалы, құдайлар отбасы жайлы әңгімем бар.

Қаламгердің бүгінгі “Все возможно” кітабының тұсаукесеріне өзге де жерлес ақын-жазушылар мен үзеңгілес достары келді. Олар Василий Коноплевке жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Сергей Снурницын, ақын:

– Ол – менің досым, әріптесім, бірегей азамат. Шығармалары өзінше ерекше. Бағыты да басқа. Өмірде болып жатқан оқиғалардың кейіпкерін жан-жануарлар етіп алады. Болмаса, аңыз сияқты қиял-ғажайып ретінде жазады. Оқығанда қызықты. Түрлі әсер аласың.

Биыл Василий Коноплев 60 жасқа толады. Алдағы уақытта да жаңа еңбектерін жазуды жалғастыра бермек.

 

Акбопе Танирберген