Ауыл шаруашылығы

Өңірде көкөніс жинау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр

Бір қапқа 30-32 келі орамжапырақ сыяды. Күніне қапталған өнім 2 рет облыс орталығының сауда орындарына жөнелтіледі. Сондықтан, оларды саларда да абай болу қажет. Өйткені көкөніске зақым келсе, ол өтпей қалуы мүмкін.

Ольга Качамина – «Тамаша» ШҚ жұмысшысы, Есіл ауданы:

– Қырыққабат ешбір кетіксіз, таза болуы керек. Шапқанда да түзу кесілуі тиіс. Өйтпеген жағдайда тауар өтпей қалуы мүмкін. Қапқа салғанда да ақырын бүлдіріп алмай, жайлап саламыз.

Шаруашылық биыл 11 гектар жерге орамжапырақтың 5 түрін егіпті. Осыған дейін олардың екі сұртын жиып алса, енді міне 90 күнде пісіп жетілетін «Ринда» деп аталатын өнімді алуға кіріскен. Бұдан бөлек қазір картоп жинау жұмыстары жүргізілуде.

Көріп тұрғанымыздай, бүгіндері картопты қазу бұрынғыдай тек адам күшімен ғана емес, жаңа технологиялық әдіс бойынша жүргізілуде. Яғни, бұл жерде өнімді алу үшін күректің қажеті жоқ, бар жұмыс тракторға жалғанған құрылғының көмегімен атқарылады. Кейін жердің бетіне шығарылған картпоты теріп алады. Осындай маусымдық жұмысқа жергілікті тұрғындармен қатар өзге елді мекендерден келгендер де тартылады.

Бақыт Қазихан – «Тамаша» ШҚ жұмысшысы, Есіл ауданы:

– Сағат 9-да басталады жұмыс. Сосын кешкі 6-7-ге дейін, кейде, тіпті 8-ге дейін жүреміз. Біз қазамыз, артымызда кісілер жинайды. Сосын оны тоққа апарамыз. Қоймаға түсіріп, қайтадан осында келеміз.

Шаруашылықтағылар картопты жинауға тамыздың 25-і кірісіпті. Егілген 11 гектар алқаптың бүгіндері 8-інде шаруа тындырылған. Әзірге, 180 тонна өнім теріліпті. Ал мына 1 жарым гектар жерге қызылша отырғызылған екен. Пісіп-жетілген көкөністі жинауды мұндағылар алдағы 2-3 күнде бастамақ.

Александр Кондратьев – «Тамаша» ШҚ басшысы, Есіл ауданы:

– Алқаптарда жиылған өнім әзірге, Петропавл қаласындағы «Южный» және «Достық» базарларына жөнелтіледі. Күніне 2-3 рейстен жасаймыз. Барлық көкөністерді жинаған соң Шал ақын, Тимирязев аудандарына да апарамыз. Сұраныс жоғары. Өзіміздің қоймамыз бар. Жалпы өнімді таза, сапалы жинауға тырысамыз. Сонда олардың өтімділігі де жоғарылайды.

Жалпы Есіл ауданында 20 шаруа қожалығы картоп, тағы 5-уі көкөніс егумен айналысады.

Медальбай Әбдірахманов – Есіл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биыл картоп 1630 гектарға егілді. Соның жартысы осы күні жинап алынды. Көкөніс жөнінде айтар болсақ, 160 гектар жерге себілді. Оның бүгіндері 47 пайызы жиналды.

Көкөніс жинау шараларынан бөлек, ауданда астық ору жұмыстары да қызған. Биыл Есіл ауданының шаруалары 200 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірсе, тағы 41 мың гектар алқапқа майлы дақылдарлы екен.

Медальбай Әбдірахманов – Есіл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі күні егіннің жартысынан астамы бастырылды. 70 пайызы орылды. Кейбір шаруашылықтар бітіруге жақындады. Үлкен серіктестіктердің істеген жұмысы 70 пайыздан асып кетті.

Бүгіндері Есіл ауданының еңбеккерлері ауа райының қолайлы болып тұрған шағында жиын-терім жұмыстарын бітіруге бар күштерін салуда.

 

Магжан Ахмадина