МТРА жаңалықтары

«Нұр Отан» партиясының филиалында Отбасын қолдау апталығы аясында дөңгелек үстел жиыны өтті

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Шынымен де бүгіндері ата-ана тәрбиесін көріп, үлкендердің ұлағатты кеңесін естіп өскен бала келешекте өзі де сондай отау құруға ұмтылады. Алайда, соңғы кездері жастар ерте үйленіп, отбасылық қиындықтарға көбіне шыдай бермейтін көрінеді. Сондықтан, ажырасулар саны артқан.

Лариса Маркова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ психологы:

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастардың 85 пайызы ерте үйленетін көрінеді. Ажырасулардың көбі де осы жастағы азаматтарға тиесілі. Өйткені, олар отбасындағы өмірге, ерлі-зайыптылардың міндеттеріне үйренбеген. Көбіне бұл ата-аналардың да кінәсі. Бүгіндері бір баламен ғана шектелген жанұялардың баласы өзімшіл болып өседі. Сондықтан да өз отауын тіккенде ондай адамдар бір-бірімен сыйыса алмай жатады.

Жиынға қатысушылар тағы өз отбасылары жайлы ойларын ортаға салды. Жамбыл Тасеменовтың жары Сара апаймен отасқандарына міне, 46 жыл болыпты. Олар 2 бала тәрбиелеп-өсіріп, 4 немере сүйіп отыр. Осынша жыл тату-тәтті өмір сүрген үлгілі отбасы бір кездері екі жақтың ата-аналарының қалауымен құрылған екен. Қазір жағдай өзгерді, жастар бір-бірін өздері таңдап қосылады. Сондықтан, жанұяда келісім орнау үшін шыдамдылық, түсініспеншілік керек дейді.

Жамбыл Тасеменов – СҚО құрметті азаматы:

– Біріншіден, жастар бірін-бірі сыйлау керек. Қадір тұту керек. Сонда отбасы мықты болады. Өмірде көмектесіп жүру керек. Үлкендерді сыйлап, кішілерге құрмет көрсете білу қажет.

Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондықтан, соның барлығына шыдай білу керек. Жиынға қатысушылардың түйгені осы болды.

 

Магжан Ахмадина