Көлік және жолдар

Петропавл қаласының шеткері аудандарындағы жолдар қалыпқа келтірілуде

Жол қадірін жүрген біледі демекші, осыған дейін Солнечный кентінінің тұрғындары шұрық-тесік жолдан көз ашпай келген. Көктемде қар еріп не күзде жауын-шашын болғанда мұнда, тіпті қоғамдық көліктер де қатынамаған. Қазір жағдай біршама түзеліпті.

Гүлназ Сейдахметова – Солнечный кентінің тұрығыны:

– Солнечный кентінде 2009 жылдан бері тұрамын. Осыған дейін шыны керек, мұнда тұру қиын болатын. 2013 жылдан бастап кентте қандай да болсын жұмыстар жасала бастады. Жылу тартылып, аббаттандыру шаралары қолға алынды. Жолмен жүру мүмкін емес еді. Биыл, міне, олар да қалыпқа келтірілуде. Тегістеліп, қиыршық тас төселіп жатыр.

Солнечный кентінде жалпы ұзындығы 5 шақырымға жуық 11 көшеге қиыршық тас төселіп, кварцтық құм себілген. Оған 11 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Тағы бүгіндері ауқымды жұмыстар Береке ықшам ауданында жүргізілуде. Московский қысқа көшесіндегі шаруаға «Су-808» кәсіпорнының 10-ға жуық қызметкері мен сонша техникасы тартылған.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Московский қысқа көшесіндегі жұмыстарды жүргізуге 44 жарым млн теңге қаржы жұмсалды. Мұнда бұрын қараусыз қалған жерге жаңадан асфальт төселіп, енді құрылысшылар жаяу жүргіншілер жолы мен бордюрлерді орнатуда. Тағы бұл жерде аббаттандыру шаралары жасалады.

Яғни, жаяу жүргіншілер өтетін жер мен жолдың ортасындағы аралыққа жасыл көшеттер отырғызылады. Жергілікті тұрғындар болса, ауданда орын алып жатқан оң өзгерістерге қуанышты.

– Бұл жерде бұрын мүлдем жол болған жоқ. Ауданға кіру мүмкін емес еді. Енді мына жол арқылы қатынаймыз. 

– Жолдың орнында үнемі саз-батпақ болатын. Көлікті кірлемесін деп келесі көшеде қалдыратынбыз. 

– Жақсы жол төселіп жатыр. Қуаныштымыз. Әйтпесе, бұрын жүру мүмкін емес еді. Жалпы қаламыздың көп жерлерінде жолдар жөнделіп жатыр.

Жалпы үстіміздегі жылы облыс орталығында 20 шақырым жол қалыпқа келтірілмек. Жөндеу шараларына 1 млрд 400 млн теңгеден астам қаржы бағыталып отыр.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Батыр Баян көшесі ресайкілеу әдісі бойынша қалыпқа келітірілуде. Тағы ағымдағы жөндеу жұмыстары Партизан көшесі бойында жүргізілуде. Соңғы аталған учаскеде «Қызылжар су» серіктестігі құбыр алмастыру шараларын атқарып жатқандықтан жұмыстар қазір тоқтап тұр. Бір аптадан соң ол жерде де тиісті шаруа қолға алынбақ. Жуков және Семашко көшелерінің аралығында Мир көшесі бойынша да жол жөнделуде. Осы Береке ауданындағы Ухабов және 5-ші Сенная көшелері аралығындағы Досмұхамбетов қысқа көшесінде де осындай іс атқарылды. Оған 38 млн теңге жұмсалды.

Жұмыстардың барлығы қараша айына дейін аяқталмақ.

 

Магжан Ахмадина