Денсаулық сақтау

Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы азаматтарды қабылдады

Айзада Рахметова:

– Әкеме эхокардиограммадан өту керек деп 3-ші ауруханаға жолдады. Ол – үшінші топтағы мүгедек. Менің білгім келгені, не себепті әкемді ақылы қызметке өзге мекемеге жолдайды? Кейін, «Олимп» мекемесінде анам сараптамадан өтіп, рентгенге түсті. Бұл үшін де ақша төледі. Мұның барлығына мемлекеттен қаржы бөлінеді емес пе?

Батырбек Нұрғалиев, ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұл жерде аталған емхана сіздің отбасыңыздың кепілдендірілген тегін медициналық көмек алудағы құқығын бұзып отыр. Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес тіркеуде тұрған азаматтар барлық қызмет түрімен тегін қамтылуы тиіс. Сіздің әкеңіздің мүгедек екенін ескере отыра, қымбат диагностикалық қызметтің өзі ақысыз ұсынылуы керек еді.

Белгілі болғандай, негізінде аталған мекеме ақылы диагностикалық қызмет көрсеткен 3-ші ауруханамен қосалқы мердігерлік шарт жасасуы тиіс. Бұл жағдайда эхокардиограмма үшін емделуші шығындалмайды.
Қоғамдық қабылдауда қаралған келесі мәселе медициналық сақтандыруға байланысты. Қала тұрғыны Тұяқбай Рамазановты «Аталған қорға зейнеткерлердің жарна төлеуі тиіс пе?,-деген сұрақ мазалаған.

Батырбек Нұрғалиев, ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ел тұрғындарының жартысынан көбі әлеуметтік қорғалмаған санатқа жатады. Сол себепті, Медициналық сақтандыру қорына тиісті жарнаның басым бөлігін мемлекет төлейді. Алдағы уақытта қаржыландыру жағы ұлғайса, дәрі-дәрмекпен де толықтай қамту жағдайын қарастырамыз.

Қоғамдық қабылдауға келген 4 азаматтың барлығы жолдаған сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды.

Акбопе Танирберген