Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлда 11 тұрғын үй халық игілігіне беріледі

Алтай Әлібаев – “ПМК-5” ЖШС директорының орнынбасары:

– Қазір үйдің ішкі жұмыстары жүргізілуде. Есік, терезелер қойылып бітуге жақын. Сылақ жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Құрылысқа 60 адам жұмылдырылған.

Берекедегі үйлердің салыну барысын облыс әкімі Ерік Сұлтанов байқады.
Мынау – құрылысы шілде айында басталған 75 пәтерлі баспана. Әзірге, нысанның тек іргетасы ғана қаланыпты. Өңір жетекшісі мердігер кәсіпорын – “Стройкомпания” серіктестігінің мамандарына жұмысқа қарқын қосу қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Жұмыс өте баяу жүргізілуде. Сіздер қыркүйек айында үйдің кемінде екі қабатын тұрғызуларыңыз қажет. Ал, жыл соңында баспана толықтай салынып бітуі тиіс.

Кейін, Ерік Сұлтанов дәл осы Береке ықшам ауданындағы Уральская көшесінде бой көтеріп жатқан 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Бұдан соң, облыс әкімі мал дәрілерін және үй жануарларына қажетті құрал-жабдықтарды саудалайтын “ЗООВЕТСНАБ” кәсіпорнында болды. Серіктестіктің шағын қоймасында ат әбзелдері мен хайуанаттардың тамағына қосылатын дәрумендердің сан түрі бар.

Владимир Притчин – “ЗООВЕТСНАБ” ЖШС директоры:

– Бізде тауардың 1 жарым мың түрі бар. Оларды Ресейден әкелеміз. Тапсырыс берілген дүниен еліміздің кез келген аймағына жеткізіледі. Петропавлда бірнеше сауда нүктеміз бар. Тағы Есіл ауданында да өз дүкеніміз жұмыс істейді.

Бұдан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов Жәлел Қизатов көшесі бойында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады. Мұндағы 3 нысан да биыл тапсырылмақ. Мына 126 пәтерлі баспананы жергілікті “Акцент KZ” серіктестігі тұрғызуда.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Сіздердің компанияларыңыздың жұмысы көңілден шығады. Аз уақыттың ішінде біраз іс тындырдыңыздар. Дегенмен, құрылысқа тағы қарқын қосыңыздар. Желтоқсан айында үй салынып бітсін.

Бұдан соң, аймақ басшысы ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінде болды. Білім ұясында өңір жетекшісі заманауи сыныптарды аралап, оқушылардың хал-жағдайын сұрап білді. Жалпы бүгінде аталған оқу ошағында 212 шәкірт білім алуда.
Кейін өңір жетекшісі қала іргесінде келешекте салынатын “Северная” қосалқы станциясының орнында болды. Аталған нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтереді.

 

Култанов Байболат