Әр түрлі

Қыркүйек айының орташа ауа температурасы +14 градус болады

– Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, дәл қазір Петропавлдағы ауа температурасы плюс 20 градусты көрсетіп тұр. Далада аздап жел бар, күздің суық ызғары сезіледі. Сол себепті, тұрғындар жеңіл киімдерін қалыңына ауыстырған. Дегенмен де синоптиктер қыркүйектің алғашқы онкүндігі жылы болады деп сендіріп отыр.

Бүгін Қайрат Рахимов екі немересін ертіп саябаққа келіпті. Қала тұрғыны қолы жұмыстан босағанда Диана мен Меруертті серуендеткенді жөн көреді екен. Сол себепті, табиғат аясында таза ауамен демалу үшін күннің жылы болғанын қалайды.

Қайрат Рахимов – қала тұрғыны:

– Күн суытты. Сондықтан, жылы киінген жөн. Бізде жылы киініп алдық. Дегенмен де әлі де жылы күндер болса екен.

Синоптиктердің болжауынша қыркүйектің басында ауа температурасы плюс 23 дейін жетпек. Ал, екінші онкүндікте сынап бағанасы сәл де болса төмендейді.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” РМҚ СҚОФ инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндікте ау температурасы түнде 8, ал күндіз 12 градусқа жетеді. Ал, кей жерлерде 16 градус болады.

Үшінші онкүндікте ауа райы құбылмалы болады деп күтілуде. Температура күндіз +14 градусты көрсетіп, ал түнде 0-ге дейін төмендемек. Қыркүйек айының соңында жауын-шашын да жиілейді. Сондықтан, бағбандар мен диқандарға ала жаздай өсірген күзгі өнімдерін ертерек жинап алған жөн.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” РМҚ СҚОФ инженер-синоптигі:

– Жауын шашын алғашқы және екінші онкүндікте түседі. Ал, айдың соңында өңірде тағы да жауын болады.

Қала тұрғындары ауа райы жылы болғанда жиі серуендеп алғанды жөн санайды.

– Күздің келгені сезіледі. Жапырақтар сарғайған, суық жел бар бар. Бірақ, әлі де қалыпты ауа райы болса екен. Саяжайда тындыратын жұмыстар бар.

– Күннің жылы болып тұрғаны жақсы. Велосипед теуіп далада жүргіміз келеді. Ал, жаңбыр жауса үйде отырамыз.

Тарихқа үңілсек қыркүйек айында ең ыстық ауа райы өңірде 2003 жылы тіркелген екен. Онда сынап бағанасы +34 градусқа жетіпті. Ал, 1955 жылы температура -7-ге дейін төмендеген.

 

Култанов Байболат