Қоғам

“Отбасы күні” мерекесі қарсаңында өңірімізде “Отбасыны қолдау апталығы” акциясы бастау алды

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– “Бақытты балалық шақ” партиялық жобасы аясында біз балаларға деген қамқорлықты күшейтіп, отбасы құндылықтарын арттыруға басымдық береміз. Және ұрпақты спортқа тарту да басты міндеттеріміздің бірі. Нұротандықтар қазіргі таңда көппен бірге “Мектепке жол” акциясына атсалысуда. Бүгінде облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 550 оқушыға материалдық көмек көрсетілді.

Абай Кайсин – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау меңгерушісі:

– Акция барысында көпбалалы отбасылармен, соғыс және еңбек ардагерлерінің жанұяларымен, асыранды балалары бар жандармен кездесулер ұйымдастырылады. Сол жиындарда жастар мен жас отбасылар өмірлік тәжірибесі мол, отбасы құндылығын сақтаған аға-әпкелерінен тәлім-тәрбие алады. Бұдан өзге жетекші партияның қаладағы, аудандардағы филиалы отбасы мәселесі бойынша азаматтарды қабылдайды. Келушілерге заңгерлер мен психологтар тегін кеңес бермек.

“Отбасыны қолдау апталығы” акциясы аясында семинар-тренинг ұйымдастырылады. Жиналыста мәселенің түйінін тарқата алмай немесе қиындыққа тап болған жанұялар мен көпбалалы аналар келіп білім, денсаулық сақтау және жұмыспен қамтушы ведомство басшыларына өз сұрақтарын қоя алады. Семинар-тренингтердің өтетін орны мен уақытын мектеп әкімшілігінен білуге болады.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасы жанындағы бiлiм саласындағы әдiстемелiк жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Апта ішінде өңір мектептерінде ата-аналар конференциясы өтеді. Жиналыста бала тәрбиелеу ісінде қиыншылық көріп жүрген ата-аналарға психологтар консультация беріп, түрлі жағдаятардан шығудың жолын көрсетеді. Ол мәжіліске тұрмыс жағдайы нашар, әлеуметтік аз қамтылған және “Тәуекел тобына” жататын балалары бар жанұялар міндетті түрде қатыстырылады.

Сондай-ақ, Отбасы күніне орай өңірімізде түрлі байқаулар, мерекелік концерттер мен қайырымдылық шаралар өткізу жоспарда бар.

 

Берік Қасен