МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы ҚР ҰҰ Әскери институты 200 курсантты қабылдады

Мұхаметқали Сатов, ҚР ҰҰ бас қолбасшысының орынбасары:

– Бүгiн ерекше күн. Барлық жас сарбаздарды курсант атануымен құттықтаймын. Биыл Әскери институтқа түскісі келгендердің саны бір орынға үшеуден болды. Бұл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келіп түскен тағы 20 жігіт бар.

Арқасын тiктеп, сап түзегендердiң қатарында курсант Нұржан Ержанов та бар. Астанадан келген жас сарбаз әскери азамат болуды кішкентайынан армандаған екен. Бүгiн ол асқақ арманына алғашқы қадамын жасап, Қазақстан Республикасына қызмет етуге ант еттi.

Нұржанның қуанышына ортақтасуға анасы мен жақын-жуықтары да келген. Туғандарымен көрiскен бозбаланың қуанышында шек жоқ.

Нұржан Ержанов, ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Әскери азамат болу – бала күнгi арманым. Бүгiн елiме адал қызмет етуге серт еттiм, ендi бұдан былайғы күндерде де Отаныма қызмет етудi жалғастыра бермекпiн.

Жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау шарасына әр өңiрден келген ата-аналары куә болды. Балаларын көрiп мауқын басқан, аналар мен әкелер ерекше қуанышты. Бүгiн олар ұлдарына елге адал-қызмет атқарып, өздерiнiң ғана емес, күллi Қазақстанның мақтанышы болуын тiледi.

Ата-аналар мен жиылған жұртшылықтың назарына Әскери институттың оркестрі мен барабаншылар ансамблiнiң туындылары ұсынылды. Жас курсанттар да қоян-қолтық ұрыс тактикасын көрсетіп, өздерi дайындаған саптағы әндерiн орындады.

Айту керек, жалпы Ұлттық ұлан Әскери институты дайындап шығарған 3 мыңға жуық жоғары бiлiмдi офицер бүгiнде елiмiздiң күш құрылымдарында адал қызмет атқаруда.

 

Акбопе Танирберген