Денсаулық сақтау

Петропавлда дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз өсірген үш бірдей фармацевтік компания жазаға тартылды

Наталья Шаяхметова – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Бұл іс бойынша тексерістер үстіміздегі жылдың наурыз-шілде айлары аралығында жүрді. Компаниялар бағаны 2-ден 56 пайызға дейін шарықтатқан. Тізімде 70-ке жуық дәрі-дәрмек бар. Олардың барлығы Ресейден әкелінген.

Фармацевтік компаниялар дәрі-дәрмектерді былтыр қыркүйек-қазан айларында саудалап, әжептәуір пайда көріпті. Нақтырақ айтсақ, серіктестіктер жалпы құны 1 млн 391 мыңнан астам теңгеге кіріс тапқан.

Наталья Шалаева – СҚО сотының судьясы:

– Үстіміздегі жылдың тамыз айында Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шығарған қаулысымен ҚР Әкімшілік Құқықбұзушылық Кодексінің 159-шы бабы, 2-ші бөлімі бойынша заңбұзушылық жасаған үш компанияға әкімшілік жаза тағайындалды. Нақтырақ айтқанда, “Спектр Фарм” 241 мың 484, “Гелика Фарм Групп Дистрибьюция” 715 мың 59 және “Фарм Медика Саудасы” серіктестігі 50 мың 701 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Бұл үкіммен айыпталушылар келіспей, істі қайта қарауға апелляцияға беріпті. Алайда, облыстық сот олардың өтінішін қанағаттандырмады. Енді үш бірдей серіктестік айыппұлдарын сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін 30 күннің ішінде толығымен өтеулері қажет.

 

Риат Шони