Спорт

Биыл Петропавлда жабық үлгідегі футбол кешені салынады

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Биыл “Қуаныш” волейбол және “Барс” баскетбол клубы мен “Құлагер” шайбалы хоккей командалары ел біріншілігінде үшінші орын алды. Тағы жуырда аталған хоккей құрамасы Қазақстан кубогын иеленді. Бұл, әрине біздер үшін өте қуанышты жаңалық. Өйткені, былтыр ғана құрылған клуб 1 жылдың ішінде биік белеске жетіп отыр. Енді алдағы уақытта жергілікті спорт ұжымдарынан дүбірлі додаларда жеңіс күтеміз.

Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанда дене шынықтыру нысандары көбейген. Мәселен, 2 жылдың ішінде өңірде 4 спорттық-сауықтыру орталығы салынды. Тағы, теріскейде 192 хоккей корты және 370 шағын және үлкен футбол алаңдары халық қолданысына берілді. Алдағы уақытта қаламызда мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында әмбебап теннис орталығы тұрғызылмақ.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Әмбебап теннис орталығы “Спорт сарайы” маңында тұрғызылады. Нысан 1200 орынға шақталмақ. Оның ішінде волейбол, баскетбол, теннис ойнауға мүмкіндік болады. Тағы біз орталықта облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарды өткізетін боламыз.

Биыл сонымен қатар “Жастар” стадионында жабық үлгідегі футбол кешені салынады. Нысан облыстық қазынадан бөлінетін қаржыға тұрғызылмақ. Аумағы 2400 шаршы метр болатын жаңа орталықта жергілікті аяқ допшылар қыста да шеберліктерін шыңдайтын болады.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жабық үлгідегі кешенде қыста да футбол ойнауға болатындай қылып саламыз. Оны заманауи қондырғылардың көмегімен жылытамыз. Жаңа нысанда “Қызылжар-СҚ” ФК тәрбиеленушілері жаттығады. Тағы келер жылы “Қарасай” стадионына 70 миллион теңгеге жөндеу жүргізіледі.

Қазір солтүстікқазақстандық спортшылар алдағы ірі додаларға дайындалуда. Алматы қаласында келер жылы өтетін қысқы Универсиадаға 9 жерлесіміз қатысады. Оның 8-і конькимен жүгіруден, ал біреуі шаңғы спортынан бақ сынамақ. Айта кетейік, бүгінгі күні өңірде 164 мың адам тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысады.

 

Култанов Байболат