Білім

Тайынша қаласында 300 орынға шақталған жаңа мектеп ашылды

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиналғандарды өңір жетекшісінің атынан құттықтап, білім саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды тілге тиек етті.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Елбасы білім саласына көп көңіл бөлуде. “Болашақ” бағдарламасымен шет елде оқып келген азаматтар бүгінде ел үшін еңбек етіп жатыр.

Бұдан соң Айдарбек Сапаров жаңа білім ордасына аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың атынан «Газель» автокөлігінің кілтін табыс етті. Бірінші қыркүйек, әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылар үшін ерекше. Салтанатты жиында балалар алғашқы қоңырау соғып, тақпақтарын айтып берді.

Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен құрметті қонақтар мектептің таспасын қиды. Екі қабатты білім ордасы заман талабына сай салынған. Физика, химия, биология, информатика сыныптары оқушының сапалы білім алуына қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Бұл оқушылармен қатар, ата-аналар үшін де зор қуаныш. Тайынша қаласының тұрғыны Айтжамал Ерғалиеваның екі немересі осы мектепте оқитын болады.

Айтжамал Ерғалиева – Тайынша қаласының тұрғыны:

– Мынау жаңа ашылған мектеп барлығымызға қуаныш сыйлап отыр. Енді балаларымыз жақсы білім алсын деп тілеймін.

Нөмірі бесінші Тайынша орта мектебі 300 орынға шақталған. Биылдан бастап мұнда 440 бала оқитын болады. Жалпы, 2016-2017 оқу жылында Тайынша ауданында 7 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Оның 745-і мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Жаңа білім ордасының ашылуымен үш ауысымдық оқу мәселесі түбегейлі өз шешімін тапты.

Еркін Оразов – Тайынша аудандық білім бөлімінің жетекшісі:


–  Тайынша қаласында 5 мектеп бар. Міне, жаңа білім ордасы ашылғаннан кейін үш ауысымдық оқыту түбегейлі жойылды.

2016 жылғы ҰБТ-да тайыншалық оқушылар орташа 82,5 ұпайға қол жеткізген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жоғарылату мақсаты тұр. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Оның бір дәлелі – заман талабына сай жабдықталған жаңа білім ошағы. Ал, мектеп сыртынан бой көтерген спорт алаңы жастардың салауатты өмір салтын ұстануларына септігін тигізбек.