СҚО әкімі Ерік Сұлтанов аудандарға барып, күзгі орақ науқанының барысымен танысты

Ауыл шаруашылығы

14:42 1 Қыркүйек 2016

Ала жаздай маңдай термен күтіп бапталған өнімді 10 еңбеккер комбайнмен бастырып жүр. Тағы 15 жүргізуші астықты камазбен қамбаларға жеткізуде.

Болат Махмет – “Азко Жаңажол ” ЖШС басқарушысы, Шал ақын ауданы:


– Орақ науқанына тамыздың он жетісінен кірістік. Айналдырған бір аптаның ішінде сұлы мен арпаны түгелдей жинап алдық. Комбайншылар ендігі кезекте Акрос, Вектор, Джон Дир сынды жоғары өнімді техникамен бидайды тура бастыруға көшті. Қазір Омбы 36 бидайын жинаудамыз. Бүгінде 2,5 гектардағы дәнді дақылдар бастырылды.

Бүгінде Шал ақын ауданында дәнді дақыл егілген 186,5 мың гектардың 30 пайызындағы сары алтын бастырылыпты.

Болат Раисов, Шал ақын ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Шал ақын ауданында 186 мың 450 гектарға дәнді, 22 мың 369 гектарға майлы дақылдар егілген болатын. Бүгінде бидайдың 35 пайызы, майлы дақылдардың 27 пайызы бастырылды. Ауа райы бұзылмаса егінді қыркүйектің 20-сына дейін толықтай жинап бітірмекшіміз. Бидай бойынша гектар берекелігі әзірге 14,4 центнер, ал майлы дақылдар 7,4 центнерден айналуда.

Облыс әкімі жол-жөнекей Сергеевка қаласына соғып, орталықта орнатылып жатқан жылыту қазандығын көрді. Ондағы жұмыстың барысын аудан әкімі баяндап берді. Ерлан Сағдиевтің айтуынша, екі қазандық арқылы қыстың аязды күндері бірнеше ғимараттағы температураны қалыпты деңгейде ұстап тұруға болады. Облыс әкімі тағы үшінші қазандық резервте тұрса артық болмайды дегенді айтып, жұмыстарды екі апта ішінде аяқтау қажет екеніне екпін берді. Себебі, қондырғы мен құбырларды жуып-шаюға да біршама уақыт кетеді.
Бүгінде Сергеевка қаласы маңында тәулігіне 500 тонна қант қызылшасын терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Сәтін салса, осы жылдың соңына таман қолданысқа тапсырылады. Кәсіпорынға қажетті шикізатты алыстан арбалаудың қажеті шамалы. Жазғытұрым 500 гектарға себілген неміс қызылшасының “Кристелле” тұқымы жерімізді жатсынбаған сыңайлы. Бағбандар алғашқы өнімді өңір жетекшісіне көрсетіп, гектарынан 75 тонна өнім аламыз деді. Осы күні өңір жетекшісі жұмыс сапарын ары қарай жалғастырып, тағы бір топ аграриймен жүздесіп, кейін Волошинка-Сергеевка-Тимирязев бағытындағы жолдың қазіргі жағдайын көрді. Мына аядай жерге 12 мың тонна тас төселген. Бірақ, материалдың барлығын тереңдігі бес метр болатын батпақ жұтып салғандай. Жүргізушілер мен жолаушылар жанын шүберекке түйіп, көліктерімен әрең дегенде өтеді. Келер жылы бұл учаскедегі жол қабаты бір метрге дейін көтеріліп, екі жағына дамба тұрғызылатын болды. Аймақ басшысы тұрғындарды жол машақатынан құтқару үшін жуық арада жобалық-сметалық құжат әзірлеп, келер жылдың жазында нысанды қолданысқа тапсыру керек деді.
Бұдан соң облыс әкімі Тимирязев ауданындағы бірнеше егістік алаптарында болды. Біраз бөгеліп, диқандармен дидарласты. Шаруақор азаматтар орақ науқанын қыркүйектің 15-не дейін бітірмекке ниетті. Себебі, олардың қолында 270 жоғары өнімді комбайн бар. Тегеурінді техниканың саны жағынан
олармен ешбір аудан әзірге теңесе алмай келеді. Мұны өңір жетекшісі де еске сала кетті. Оған қоса Тимирязев ауданының аграрийлері 32 мың гектарға десикация әдісін қолданған. Бұл бидайдың пісуін жеделдетеді.

Сейітжан Құсайынов – Тимирязев ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:


– Қазіргі таңда 259 мың гектардағы астықтың 26 пайызын бастырып алдық. Бидайдың шығымдылығымен әзірге қуана алмаймыз. Гектарынан он төрт центнер өнім алынуда. Жиналған астықтың біразы 3-ші, 4-ші классқа жатады. Науқанға 593 комбайн тартылды, жұмыс күші де жеткілікті. Элеваторлар мен астық кептіргіш кешендер дайын. Сағатына 51 мың тонна бидай кептіруге қауқарлы.

Дей тұрғанмен, Тимирязев ауданында осы күні гектарынан 23 центнер өнім алып жатқан шаруашылықтар баршылық. Кейін өңір жетекшісі Ғ.Мүсірепов ауданына барды. Алқаптарда 1 100-ден астам комбайн жүйткіп жүр. Соның 3/1-і жоғары өнімді.

Сергей Киричек – “Червонное-Агро” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:


– Қазір 12 механизатор “Нью холланд” комбайнымен масақтарды тура бастырып жүр. 1 комбайн бір ауысымда 67 гектардағы егінді жинайды. Техникалық жағынан алып қарағанда, Джон Дирмен тең. Бұл комбайндарды сатып алғаныма 16 жылдың жүзі болды. Осы күнге дейін айтарлықтай сыр беріп, жұмысымызға кедергі келтірді деп айтпас едім. “Нью холанд” комбайны саймандарының 50 пайызын Қазақстаннан табуға болады.

Аудан диқандары 576 мың 800 гектардағы дәнді дақылдардың 29 пайызын дестеге түсіріп, соншасын бастырып үлгерді. Ауданда гектарынан 15 цетнер өнім алынуда. Аграрийлер ауа райы оң қабақ таныста танап басындағы жұмысты қыркүйектің 20-сына дейін тындырмақшы.

Берік Қасен