МТРА жаңалықтары

Петропавлда аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған “Өрлеу” жобасы жүзеге асуда

Екі ұлы мектепте оқиды. Жалғызбасты анаға жалғыз 11 мың теңге жәрдемақы жетпеген. Жұмыс іздеп, таппапты. Кейін қалалық жұмыспен қамту бөліміне жүгініп, “Өрлеу” бағдарламасының қатысушысы атанған.

Дана Садықова, “Сәуле” бөбекжай-бақшасы тәрбиешісінің көмекшісі:


– Жоба маған өте ұнады. Соның арқасында “Сәуле” бөбекжай-бақшасына жұмысқа орналастым. Ай сайын жалақымды тұрақты түрде алып тұрамын. Қосымша 27 мың теңге көлемінде шартты ақшалай көмек беріледі. Балаларымның киім-кешегін, тамағын алуға жеткіземін. Бұл үлкен қолдау.

Мұндай әлеуметтік келсімшарт 6 айға рәсімделеді. Бұл уақыт өткеннен кейін, шартты ақшалай көмек төленбейді. Себебі, әлеуметтік көмекке жүгінген адам әрі қарай жұмысын жасап, өзінің тұрақты жалақысын алып тұрады.

Гүлімай Айсина, Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:


– Мәселен бір отбасында 4 адам бар, ал жанбасына шаққандағы кіріс бөлшері 5 мың теңге. Ал, азық түліктік себет құны 11 мың 846 теңгені құрайды. Яғни, мен мысалға келтірген отбасының табысы бұдан 6 мың 846 теңгеге кем. Сондықтан, шыққан бұл соманы отбасы мүшелерінң санына көбейтеміз. Сосын осындай мөлшердегі көмекті бізге жүгінген адам 6 ай бойына алып отырады.

Ал, өз ісін бастағысы келген әлеуметтік жағдайы төмен азаматқа қайтарымсыз көлемді сома рәсімдеуіне болады. Бірақ, жүгінген азаматтың ол ақшаны жұмсауға қатысты жоспары болуы тиіс. Айту керек, бұл “Өрлеу” жобасы біздің өңірде биылдан бері жүзеге асырылуда.

Гүлімай Айсина, Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

– Біздің азаматтар әлеуметтік төлем алуға келеді. Тек ақшаны алып әрі қарай да қол қусырып жүре берсем екен дейді. Ал бұл жоба аз қам­тылған от­басыға тек жәрдемақы беріп қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімдейді. Кәсіби бағдар береді. Жұмысқа орналастырады. Бұл – азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.

Петропавлда “Өрлеу” бағдарламасының көмегіне тағы 10 отбасы жүгінген. Жалпы, жобаның жүзеге асырылуына жергілікті бюджеттен 1 млн 494 мың теңге қарастырылған.

 

Ақбөпе Тәңірберген