Білім

Бәйтерек ауылында жаңа мектеп ашылды

Ләззат Смайылова – ата-ана, Қызылжар ауданы:


–  Бұрын біздер көрші ауылға автобуспен қатынап оқитынбыз. Енді міне, қуаныштымыз. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Көпбалалы ата-аналардың балалары мектепке барып жатыр. Менің де 5 балам бар. 2-уі Астанада оқыса, 3-уі міне мектептің босағасын аттағалы тұр.

Бәйтеректіктердің бүгінгі қуанышын түсінуге болады. Шынымен де ауыл бой түзегелі, мұнда мектептің жоқтығы барлығына ауыр тиген еді. Оқушылар автобуспен аудан орталығына қатынап оқитын. Енді міне, бұл проблема шешімін тауып отыр. Олардың өз білім ошағы бар. Бұған биыл мектептің 11-ші сыныбында оқитын Динара Арыстанбекова да риза.

Динара Арыстанбекова – Бәйтерек орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы :


–  Бүгінгі көңіл күй өте тамаша. Бәйтерек ауылында мектепті бітіретіндігіме өте қуаныштымын. Үйіміздің жанында орналасқан. Бескөлге барып жүрмейміз. Өзімізде оқимыз.

Оқу ордасында биыл 302 бала білім нәрімен сусындамақ. Көптен күткен білім ошағының ашылуымен ауыл тұрғындарын, оқушылар мен ұстаздарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Бәйтерек өсіп келе жатқан ауыл. Жаңа мектеп ел игілігіне қызмет етсін.

Құттықтау сөзден кейін өңір жетекшісі жаңа оқу ошағының директорына автобустың кілтін, ал мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге Елбасы атынан «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын сыйға тартты. Балғындар да аянып қалмай, өз өнерлерін көрсетті.

Бұдан соң салтанатты түрде мектептің таспасы қиылып, аймақ басшысы оның ішін аралап көрді. Аралас мектептің кабинеттері заманауи техникамен жабдықталған. Спорт зал, асхана және медициналық пункт бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалған. Балаларды 53 педагог оқытады. Міне, алғашқы қоңырау соғылып, балғындар сыныптарына ағылды. Мына кабинет маңына ата-аналар көптеп жиылған екен. Мұнда мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер отыр. Олар үшін бүгін алғашқы сабақ “Мен – Қазақстанның патриотымын” тақырыбында өтуде. Бірінші сыныпқа барған 42 оқушының бірі – Томирис Арықова.

Томирис Арықова – Бәйтерек орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мектепке келдім. Жақсы оқимын.

Жаңа мектеп ішін ата-аналар да аралауда.

Райхан Сәрсенова – ата-ана:


–  Немеремді әкеліп тұрмын. Балаларымыз осында білім алады. Бірінші күннен көріп тұрмын. Барлық жағдай жасалған

Ержан Амангелді – ата-ана:

 


–  Біз оқығанда мұндай болған жоқ. Заманның дамығаны. Жастарға істелген ыңғайлылық. Тек қана оқы, білім ал. Үлкен азамат бол.

Жалпы Қызылжар ауданында 48 мектеп бар болса, оларда 5 мың 200-ден астам оқушы білім алады. Солардың 520-сы биыл бірінші сыныпқа барып отыр.

Мағжан Ахмадина