Спорт

“Бейбітшілік жүгірісі” акциясына қатысушылар Петропавлға келіп жетті

Жалпы марафоншылар акцияны шілденің 6-сы күні Қытайдың Хайлар қаласында бастаған. Олар 3 айға жуық уақыт ішінде 7200 шақырым жолды артта қалдырыпты. Әуесқой жүгірушілердің ең кішісі 25 жаста болса, араларындағы қарттың жасы 72-де.

Валерий Андерсонов – марафонға қатысушы, Алматы қаласы:

– Бұл шараның мақсаты – әлем елдері арасында бейбітшілік, достық қарым-қатынас орнату. Марафоншыларды Қазақстанда жылы ықыласпен қарсы алуда. Енді Петропавлдан кейін Ресейдің Уфа қаласына бет аламыз. Жалпы акция 21 қыркүйек күні аяқталады.

Сонымен қатар, акцияға хорватиялық журналист Тихомир Цундич та қатысуда. Ол бірнеше жылдан бері кәсіби жүгірумен айналысады екен. 34 жастағы азамат бұл шараның өтетіндігін құрбысынан естіп, қатысуды жөн санаған.

Тихомир Цундич – марафонға қатысушы, Хорватия Республикасы:


–  Сіздердің елдеріңізде татулық, бейбітшілік орнаған. Бұл өте жақсы. Акцияға қатысу арқылы көптеген жақсы достар таптым. Жалпы өзім жүгіруді жақсы көремін. Халықаралық марафонға осымен 3-ші рет қатысып тұрмын.

Акция соңында марафоншылар “Спорт сарайын” аралады.

 

Байболат  Култанов