Спорт

М.Жұмабаев ауданына қарасты Бәйтерек ауылында орталық стадион халық игілігіне берілді

Бұл іс жергілікті демеушілердің арқасында тындырылған. Барлық жұмысқа шамамен 15 млн теңгедей қаражат жұмсалыпты.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Жалғыз Бәйтерек ауылында ғана емес сонымен қатар Ноғайбай елді-мекенінде де осындай стадион қалыпқа келтірілуде. Оған қоса шағын футбол алаңдары салынып жатыр.

М.Жұмабаев ауданы талай спорт дүлділдерін тәрбиелеп шығарған. Облыстық жарыстарда да спортшылар әрдайым тұғырдың биік сатысынан көрініп жатады. Бүгінгі шара барысында аудан басшысы еңбегі еленген бірқатар толағайларды марапаттап, ақшалай сыйақылар табыстады. Қошеметке бөленгендердің қатарында конькимен жүгіруден спорт шебері Валерий Колесник те бар.

Валерий Колесник – конькимен жүгіруден спорт шебері, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгін бір үлкен мереке болып отыр. Бұл стадион тек ауыл ғана үшін емес, сонымен қатар аудан үшін де қажет. Енді елді мекендегі кішкентай балалар өздерінің аға-әпкелеріне қарап спортпен көп шұғылданатын болады.

Бүгін, сондай-ақ, Бәйтерек аулына “Бейбітшілік алауы” акциясына қатысушы марафоншылар келді. Қолдарына Қазақстан мен Ресей туларын ұстаған олар стадионмен жүгіріп өтіп, алауды тұтатты. Бұл – әлем халықтарын біріктіретін бейбітшіліктің белгісі.

Александр Арнст – “Бейбітшілік алауы” эстафетасының РФ бойынша үйлестірушісі:

– Біз Моңғолияда 3 мың, Қазақстанда 4 мың және Ресейде 6 мың шақырым жерді жүгіріп өттік. Эстафетаға жалпы 30-ға жуық адам қатысуда. Ары қарай біз Уфа қаласында өзге марафоншылармен кездесеміз. Бұл эстафета – бейбітшіліктің нышаны. Әлем халықтары бір-бірімен тату болсын деп жер жаһанды алау ұстап жүгіріп өтеміз.

Жалпы бұл стадион көпфункциялық болып саналады. Мұнда жеңіл атлетикалық жолақ, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар. Фурманов орта мектебінде 11-ші сыныпта оқитын Александра Ломоносова баскетболмен 6 жыл бойы айналысады екен. Жеткіншек бұл ойынды тек білім ошағының спорт залында ғана ойнай алатынбыз дейді. Енді міне туған аулында да сүйікті ісімен айналысуға қол жеткізіп отыр.

Александра Ломоносова – баскетболдан М.Жұмабаев ауданы құрамасының мүшесі:

– Спортпен шұғылданған маған ұнайды. Аулымызда стадион қолданысқа берілгені қуанышты. Бұған дейін мектептің спорт залында баскетбол ойнайтынбыз. Онда ыңғайсыз, жер тар болатын. Ал мұнда өте кең. Енді осында күнде кешке жүгіруге келіп отырамын.

Бүгінде Бәйтерек аулында мыңнан астам адам тұрады. Олар енді бос уақытында жаңа стадионға келіп, спортпен шұғылдана алады.

Қилыбай Жандәулетов – Бәйтерек ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

–  Бүгін бізде бір мереке болып отыр. Енді мынау стадионға балалар көптеп келіп, спортпен айналысатын болады.

Айта кету қажет, 2018-ші жылы “Ақ бидай” жазғы спорт ойындары М.Жұмабаев ауданында өтеді. Ауыл тұрғындары стадионның қолданысқа берілуі облыстық жарыстардың биік тұғырында жаңа спортшыларды көруге тың серпін береді деген сенімде.

 

Риат Шони