Спорт

Бескөлде воркауттан облыстық ашық чемпионат өтті

Ол спорт алаңдарындағы белтемір, қырлы бөрене, темір бағаналар сынды спорттық снарядтарда орындалған түрлі жаттығуларды қамтиды. Елімізде стрит воркаут федерациясы құрылып, облыстарда филиалдары ашылған.

Думан Закиркин – Қызылжар аудандық жастар және балалар бастамалары орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Біздің мақсатымыз – бұл спорт түрі елімізде жаңа дамып келе жатқандықтан жастарды бұған көптеп тарту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Ғ.Мүсірепов ауданынан келген Хайдар Балбазар бірінші болып өнер көрсетті. Ол көше спортымен 2 жылдан астам айналысып келеді. 18 жастағы воркаутшы өз ауданындағы жарыстарға қатысып, жүлделі орынға ие болған.

Хайдар Балбазар – әуесқой воркаутшы, Ғ.Мүсірепов ауданы:


–  Мен бұрын мұндай спорт түрі бар екенін білмедім. Ғаламтор арқылы көрдім. Аудандағы жарысқа қатыстым, бүгінде өз күшімді сынауға келдім.

Облысымызда алғаш рет өткізіліп отырған жарысқа 10-ға жуық спортшы қатысты. Әрқайсысы 3 минут көлемінде өнер көрсетті.

Диас Биджиев – STREET WORKOUT-тан әлем чемпионы:


–  Стрит воркаут қолжетімді спорттың түрі, яғни аулалардағы белтемірлерде жаттығуға болады. Қазақстанда стрит воркаут 2009 жылдан бастап дамып келеді. Бізді бүгінгі чемпионатқа төрешілік етуге шақырды. Жарыстан кейін шеберлік сыныбын және семинар өткіземіз.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Беисова Айнур