Без категории

ҚР Конституция күніне арналған арнайы шығарылым

Берік Қасен – тілші:

– Күннің суықтығына қарамастан Ата заң күнін атап өтуге келген халықтың қарасы қалың. Елдегі тұрақтылық, экономикалық өсім, ұлттар арасындағы ауызбіршілік, қауіпсіздік. Мұның барлығы Конституция аясында жүзеге асырылып отыр.

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясына биыл 21 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Ата заң – өркендеуімізге жол ашып, зайырлы және құқықтық ел екендігімізді айқындайтын бірден бір нормативтік құжатқа айналды. Бірінші бапта көрсетілгендей тұғырлы елдің ең құнды қазынасы – адам өмірі мен бостандығына кепіл болар қазықтың қадасын қақты. Ортақ құжат әр азаматтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын қорғауға тікелей қатысты. Осыны жақсы түсінетін петропавлдықтар мен шаһар қонақтары Конституция күнін ұлықтауға бір адамдай жиналды. Жұртшылықты қазақ елі тарихындағы аса маңызды күнмен облыс әкімі құттықтады. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов өз сөзінде бірлігі жарасқан жерлестеріміздің бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу Ата Заңның еншісінде екендігін ерекше атап өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Конституцияның арқасында еліміз бейбітшілік пен келісім, тұтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Әлемдік саясаттағы экономика, білім, мәдениет, спорт, құрылыс және өзге де саладағы жетістіктеріміз – Ата заңымыздың көрсетілген үміттерінің жемісі.

Отандастарымыздың қол жеткен жетістіктері түгелдей басты құжатымызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Ондағы ережелердің қайнар көзі – Конституциядан бастау алады. Осы күні өлкенің дамуына сүбелі үлесін қосып, қоғамдық өмірмен біте қайнасып жүрген жерлестеріміздің бірқатары облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Сәуле Қажкенова ерекше құрметке бөленгендердің қатарында. Нәзік жанды 30 жылға жуық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ақжар аудандық басқармасында еңбек етіп жүр.

Сәуле Қажкенова – Ақжар аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы:


– Мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ақжар аудандық басқармасында 10 жылдан артық басшы міндетін атқарып келемін. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері біздің салада да көп өзгерістер орын алды. Біз бәсекеге қабілетті бола бастадық. Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Мерекеде облыс әкімі Ерік Хамзаұлы еңбегімді елеп, Алғыс хатпен марапаттағанына қуаныштымын.

Марапатталғандардың қатарында түрлі саланың өкілдері мен қоса ауылдық округ әкімдері де бар.

Елена Первышина – Ақжан селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Қазіргі таңда ауыл, селолар мемлекеттік бағдарламалар аясында өркендеп келеді. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақжан селолық округіне қарасты елді мекендерді аббаттандыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді. Тұрғындар ауылдың гүлденгеніне қуанышты. Конституция күні мерекесі баршамыз үшін құтты болсын. Ел мерейі еселеп арта берсін!

Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Бұл жолы жерлестеріміздің алдында эстрада әншісі, “Славян базары-2015” байқауының бас жүлдегері Димаш Құдайбергенов өнер көрсетті. Күміс көмей әнші сахна төрінде репертуарындағы 10-ға жуық әнін құйқылжыта орындады.

Димаш Құдайбергенов – әнші, “Славян базары-2015” байқауының бас жүлдегері

– Көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осынау мерекеде халық алдында өнер көрсету мен үшін бақыт. Алдағы 1,5 айдың ішінде жеке шығармашылық кешіммен Петропавл қаласына келемін. Ел жастары тілі мен дінін жоғалтпаса екен деймін. Қазіргі таңда жастардың ана тілінде сөйлей бастағына мені қуантады. Соған қарап еліміздің болашағы жарқын болады деген үмітім бар.

Конституциядағы қағидаларды терең түсініп, сақтау – әр азаматтың парызы. Өз халқының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекеттің келешегі қашанда баянды болмақ.

Берік Қасен

***

Ақбөпе Тәңірберген – тілші:

– Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі құжат – Конституция. Олай болса, Ата заңды киелідей қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Мұны солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Сондықтан да бүгінгі мерейлі мереке ҚР Конституциясы күнін олар көп болып, бір адамдай тойлауда.

Бұл күні Достық үйінің алдына жиылғандарға арнап жергілікті мәдени бірлестік мүшелері концерттік бағдарламасын ұсынды.

Корей чим-чимі, немістің бавар шұжығы, әзербайжанның долмасы. Қызылжарды мекен еткен түрлі ұлттардың ұлттық тағамдары мына дастарханда әдемі үндестік тапқан.

Наталья Кавун, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің неміс тілі пәні мұғалімі:

– Бұл – біздің достық дастарханы. Армян, корей, татар тағамдарын көріп тұрсыздар. Аспанымыз ашық болсын. Әр мерекені осылай мол дастарханмен татулықта қарсы алайық.

Ал, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдында суреттер стенді мен “Ата заңым Айбарлы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Еліміздің Конституциясы сөренің төрінде тұр. Мұнда петропавлдық балғындар сурет салып жатыр. Азат Құсыбековтың мына суреті Қыз-Күз деп аталады.

Азат Құсыбеков.

– Қыздың көзі – көк. Бұл бейбітшілікті білдіреді. Ал, ол күлемдеп тұр. Бұл бақыттың белгісі.

Бұдан әрі қарайғы қатарда Петропавлдағы қолөнер шеберлері жайғасқан. Бүгін Қазақстан Конституциясы көшесінің бойы жағалай қызықты шаралар мен түрлі байқауларға толы.

Ақбөпе Тәңірберген – тілші:

– Мұнда солтүстікқазақстандық омарташылардың Бал фестивалі өтуде. Олар табиғи өнімнің түр-түрін саудалауда. Сатып алмас бұрын балдың дәмін татып көруге де болады.

Владимир Напылов жұбайы екеуі осыдан дәл 21 жыл бұрын бал араларын асырай бастаған. Бүгін одан түскен балғын өнімнің 4 түрін әкеліпті. Кезекке тұрған көпшілікке қарап, олар әкелген бал петропавлдықтардың арасында мол сұранысқа ие екенін байқадық.

Владимир Напылов, “Напылова” ЖК директорының орынбасары:


– Бүгін өте көп бал әкелдік. Биыл өнім көп. Екі сағаттың ішінде тауардың жартысынан көбі өтіп кетті. Мен өз кәсібімді, Ата Заң қабылданған жылы бастаппын. Міне, бүгін еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Барлық тұрғындарды мерекемен құттықтаймын.

Қазақстан Конституциясы көшесіне мерекеге орай демалуға арналған орындықтар қойылып, жасыл өскіндермен көмкерілген. Петропавл күн өткен сайын көркейіп келеді. Бастысы, бейбітшілігіміз мығым, Ата Заңымыз тұғырлы болсын дейді тұрғындар.

Мнира Құспанова,«Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі:

– Бүгін тамаша күн. Ата заңымыздың қабылданғанына – 21 жыл. Бұл бір елде 130-дан артық ұлттың басын біріктіріп отырған басты әрі маңызды құжат. Осының төңірегінде жастарымыз да зор мүмкіндіктер алуда. Бүгінгі мерекемен барлық қазақстандықтарды құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.

Зәуреш Құрманова, зейнеткер:


– Қазақстан халқына бейбітшілік тілеймін. Денсаулық, бақыт тілеймін.

Абай-Пушкин ескерткішінің маңында балалар мен жасөспірімдерге арналған шара өтуде. Бағдарлама өнерлі 150-ден артық ұл-қызды қамтыған. Тәуелсіз елдің жеткіншектері де бар өнерлерін ортаға салып, мемлекеттік мерекені атап өтуде.

Ақбөпе Тәңірберген

***

 

Мағжан Ахмадина- тілші:


– Бүгін СҚО аумағына Түменнен шыққан автошеру келді. Қазақстан мен Ресейдің туларын желбіреткен 15 автокөлік, жалпы 500 шақырымды бағындыруы тиіс. Осыған дейін олар Түмен облысының 6 ауданы мен өңіріміздің ондаған елді мекенін басып өтіп, Петропавлға беттеп келеді. Бұл шара екі елдің достығы мен татулығының тағы бір көрінісі іспеттес.

Көршілес Ресей аймағынан келе жатқан меймандарды теріскейліктер жол бойында тағатсыздана күтуде. Көліктерін сайлап алған жігіттер осындай талай жиындарға қатыстық, бірақ бұл жолғы автошерудің жөні бөлек дейді.

Николай Шевченко – «Петропавл 4х4» клубының мүшесі:

– Біз Түменнен келе жатқан достық маршрутын қарсы алуға әдейі келдік. Көрші облыстың тұрғындары бізді осынау жарқын мереке – Конституция күнімен құттықтауға арнайы келе жатыр екен. Өте қуаныштымыз. Сондықтан, оларға бүгін қаланы көрсетіп, біраз жерлерді аралатамыз.

Міне, көптен күткен ресейлік меймандар да келіп жетті. Оларға қонақжай қазақ халқы бауырсақ пен каравай ұсынып, қарсы алды. Нақ осы жерде ән-жырдан шашу шашылды.

Бірнеше шақырымды жүріп өткен түмендіктердің көліктерінде екі елдің тулары желбіреп тұрды. Бұл шараны Түмен облысы қазақтарының ұлттық- мәдени автономиясы ұйымдастырған екен.

Есенғали Ибраев – Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті, РФ:


–  Тоқтаған әр ауданда бізді жергілікті билік өкілдері мен қандас бауырларымыз қарсы алып, өздерінің құттықтауларын жеткізді. Осындай ауқымды шара екі елдің достығын одан әрі нығайтып, әріптестігімізді баянды ете түсетіндігі анық. Тағы бүгіндері Түменде қазақ халқының мәдени күндері өтіп жатыр.

Автошеруге қатысып жатқандардың арасында көрші елде тұратын қазақ жастарының саны да көп. Аға буын өкілдері оларды әдейі ұлтының тарихымен таныстыруға әкелдік дейді.

Есімхан Жантасов – Түмен облысы қазақтарының ұлттық- мәдени автономиясының төрағасы, РФ :

–  Қазақ болғасын Қазақстан бізге қашанда ыстық. Ресейде тұрсақ та қазақстандықтарды ыстық көреміз. Сондықтан, арамыз суымай, жиі-жиі келіп тұруға тырысамыз. Машинада отырғандардың көбі – жастар. Солар елді танысын деп келген бетіміз сол.

Петропавлға кіре берісте бір тоқтап алған автошеру кейін қалаға беттеді. Олардың ендігі алған бағыты Конституция күнін тойлау шаралары өтіп жатқан орталық алаң болды.

Міне, автошеру діттеген жерге де келіп жетті.

Әсемгүл Есқожа – «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:


–  Бауырларымыздың бізді құттықтап келгеніне біз, әрине қуаныштымыз. Оларға мың алғыс білдіреміз. Осылай қарым-қатынасымыз арта берсін.

Орталық алаңда бұл уақытта мерекелік шараның нақ қызған шағы. Мұнда жиылған қауым қонақтарды қошеметпен қарсы алуда. Кейін түмендік делегация өкілдері сахнаға көтеріліп, солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Сейілхан Мақаш – ҚР Түмен қаласындағы Құрметті консулы, РФ:

– Біздің автошеруіміз түмендік үкімет тарапынан зор қолдауға ие болды. Кеше бізді Түмен облысының губернаторы орталық алаңнан шығарып салды. Осы шараның арқасында барлық ресейліктер Қазақстанда үлкен мерекелердің, атап өтсек Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Конституция күні және СҚО-ның 80 жылдығы сынды мерейлі даталардың болып жатқандығын білді. Мына әкелген достық картасында барлық құттықтаулар жазылған. Осы сыйымыз мұражайдан орын теберіне сенім мол.

Осылай құр қол келмеген түмендіктер өңір жетекшісіне құттықтауларға толы арнайы хабарламаны табыстады. Өз кезегінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов көршілес өңірден келген меймандарға алғыс білдіріп, мұндай шаралардың татулығымызды бекіте түсетіндігін айтты.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Құрметті жерлестер, сіздердің аттарыңыздан Түменнен келген делегацияға қош келдіңіздер деймін. Осындай достық маршрутын ұйымдастырған губернаторға, барлық шараға қатысушыларға алғысым шексіз. Түмен облысында да біздің елімізде сияқты ұлтаралық келісім орнаған. Екі өңірді тек экономикалық қана емес, сонымен қатар мәдени қатынастар да байланыстырады. Сондықтан, осы достық шарасы әріптестігімізді одан әрі нығайта түсеріне сенім мол.

Осылай құрамына 45 адамның басын біріктірген достық маршруты, екі елдің татулығының жарқын үлгісін көрсете білді. Айта кету керек, автошеру бүгін қайтадан Түменге жол тартады.

Мағжан Ахмадина

***

 

Байболат  Култанов – тілші:

–  Қазақстан Конституциясының 21 жылдығын тойлауға петропавлдық жастар да өз үлестерін қосуда. Салауатты өмір салтын ұстайтын бір топ өрен бүгін “скейт парк” алаңына жиналды. Бұл жерде олар ВМХ спортының түрлі қимылдарын көрсететін болады.

1996 жылы ВМХ жазғы олимпиадалық ойындардың қатарына қосылды. Содан бері әлем елдерінде аталған спорт түрінен дүбірлі додалар өтеді. Ал, біздің елімізде бұл спортпен айналысушылардың саны енді артуда. Теріскейлік жастардың басым көпшілігі қаламызда жуырда ашылған “скейт парк” алаңында жаттығады екен.

Андрей Ширкалов – велосипед спорты бойынша ОРБЖСМ жаттықтырушысы:

– Велоспортта жылдамдық маңызды болса, ВМХ-те техникаға аса мән берген жөн. Мұнда қауіпті жаттығуларды орындаған кезде сақ болу қажет. Жастар үшін “скейт парк” алаңының ашылғаны жақсы болды. Өйткені, бұрын оларға шеберліктерін шыңдайтын жер болмаған. Алдағы уақытта бұл спорт түрі біздің өңірде дамиды деп ойлаймын.

Дархан Қорқытбай бірнеше жылдан бері велоспортпен айналысады. 13 жастағы жасөспірім қаламызда өткен жарыстарға қатысып жеңімпаз атаныпты. Ал, соңғы уақытта ол достарымен ВМХ-тің түрлі іс-қимылдарын үйреніп жүр.

Дархан Қорқытбай – велоспортшы:

– Маған велоспорт өзіме қатты ұнайды. Болашақта Александр Винокуров сияқты чемпион болғым келеді.

Жалпы, Қазақстан Конституциясының 21 жылдығына арналған ВМХ-тен өткен көрсетілімге 30-ға жуық теріскейлік жас қатысты.

 

Байболат  Култанов