Без категории

СҚО-ға немістердің көшірілгеніне – 75 жыл

Эмма Шефер:

– 7 шақырым жерге жұмыс істеу үшін жаяу барып жүрдік. Қай жерге жұмыс күші керек, сол жаққа жөнелтіп отырды. Құм тасыдым, құрылыста істедім. Кейін ауыл шаруашылығына араластым. Өзге әйелдер трактормен жүрді. Мен атпен жұмыс істедім. Осылай 5 жылым өтті. Әйел, бала, еркек деп бөлген жоқ. Бәрін бірдей ауыр жұмысқа салды.

Еділ бойында қоныстанған немістерді бір күннің ішінде атүсті депортациялапты. Мал артуға арналған бір вагонға жүздеген адамды отырғызып Қазақстанға жөнелткен. Қуғын-сүргінді көтермеген мыңдаған неміс азаматы алғашқы жылдары-ақ ажал құшқан. Бүгін құрбандарды Достық үйіне жиылған ұрпақтары бір минут үнсіздікпен еске алды.

1941 жылдан Солтүстік Қазақстан жеріне 300 мыңға жуық неміс көшірілген екен. Оларды өздері он шақты бала асырап отырған қазақ отбасылары құшақ жая қарсы алған. Мұны жерлес немістер ұмытпақ емес.

Александр Мерк, СҚО «Видергебурт» неміс мәдени орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары:

– Менің ата-анамның айтуынша атам қартайған шағында үш жыл еңбек армиясында жұмыс істепті. 1943 жылы әбден зорығып, қозғала алмай қалған шағында ғана жұмыстан босатқан. Сөйтіп, қашықтан үйіне әзер келіп, туған-туыстарын көріп құлап түскен. Сол беті өмірден өтіп кеткен. Тағы бір естелік, әскерилер ең алғаш көшіріп ауыл-ауылға тастап кеткен немістерді, қазақтар үйді-үйлеріне бөліп әкетіп, барымен бөліскен.

Депортацияға ұшыраған ұлттарды ауа райы қатаң жерлерге көшірген. Ошағын ортасын түсіріп, ана мен баланы айырған. Тек бертін келе 64-ші жылы ғана олардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары біртіндеп жүргізіле бастады. Бүгін де тәуелсіз елде өмір сүретін неміс ұрпақтары сахна төріне құрбан болған ата-әжелерінің суреттерін алып шықты. Қазір өңірде 20 мыңға жуық неміс тұрады. Ал, Қазақстан олардың екінші отанына айналды.

Акбопе Танирберген