МТРА жаңалықтары

Семей полигонының жабылғанына – 25 жыл

Балалар кемтар туылды, бірінен кейін бірі шетінеп жатты. Мұның барлығын көзімен көріп, басынан өткерген ана – Тоты Баскенова бүгін осы залда. 1970 жылдары Семейде сынақ полигонынан 300 км қашық жерде жұбайымен бірге әскери бөлімде қызмет еткен. Кейін екі бүйрегі бірдей сыр беріп, туғандарының арасына -Петропавлға келген.

Тоты Тұрысова:

– Ауырдым, жасанды түрде босандым. Бірақ 7 айлығында балам өліп қалды. Мұндай жағдайлар жиі кездесті.

Ал, Асхат Төлепбергенов атом бомбаларының жарылыстарын көзбен көріп, ай сайын болатын дүмпудің ортасында жүрген. 1970-ші жылдары Солтүстік өңірден өрімдей жас жігіттер дәл осы жерге әскерге аттанған. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған. Бұл – адамдардың ғұмырын қысқартып, мүгедектікке шалдығуына әсер етпей қоймады. Сондықтан да, Семейде болып келген ол азаматтардың дені қазір арамызда жоқ. Нақты жарылыс алаңдарында болғаны құжатпен расталған 3 азамат күні кеше ғана “Семей полигоны СҚО” ҚБ құрды.

Асхат Төлепбергенов, “Семей полигоны СҚО” ҚБ төрағасы:

– Жалғыз әскерилер ғана емес, Қарағанды, Павлодар тіпті Петропавл да зардап шекті. Грибоктардың бағытын, қалай қарай тарағанын біліп отырамыз.

1991 жылға дейін Семей аймағында бірнеше жылын өткізген жерлестеріміздің бүгінде әрқайсысының денсаулығында кінәрат бар. Бүгін дөңгелек үстел басынан табылған олар жиылғандарға мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін деп тіледі.

Акбопе Танирберген