Мәдениет

Петропавлда “Домбыра-фест” фестивалі өтті

Абылайхан резиденциясы маңынан қазақы ауылдың лебі сезіледі. Қаз-қазар тізіле отырған ұл-қыздар құлақтың құрышын қандыра күбірлете күй төгуде. Мұндағы талантты жастардың өнері таңдай қағарлық. Олар шарада Дина Нұрпейсіова, Тәттімбет сынды күйшілердің туындыларын барлығы бірдей орындауда. Айта кетейік, мұндай фестиваль Петропавлда Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

“Домбыра-фест” фестиваліне 80-ге жуық жергілікті домбырашы қатысуда. Олардың қатарында 1961 жылы Петропавлда алғаш домбыра сыныбын ашқан Серікбай Құсайынов та бар. Бүгінде талай шәкірт тәрбиелеген ақсақалдың жасы сексенге таяпты. Қарт күй орындаушы қаламызда жастардың арасында мұндай шаралардың жиі өткенін қалайды.

Серікбай Құсайынов – күй орындаушы:

– Жастар атадан балаға мұра боп қалған өнерді жалғау қажет. Сол үшін осындай фестивальдердің ұйымдастырылғаны өте дұрыс.

Ал, шарада орындалған “Балбырауын” күйі, тіпті фестивальдің сәнін келтірді. Құрманғазының бұл туындысын көппен бірге жас өнерпаз Дарина Нуралина да шертті.

Дарина Нуралина – Өнер колледжінің студенті:

– Мен әулетте жалғыз өзім домбыра тартамын. 7 жылдың ішінде бірнеше күй шертіп үйрендім.

Шара соңында барлық домбырашыларға фестивальден естелік сыйлықтар табысталды.

 

Култанов Байболат